Алматыда дәмхананың бірі келушілерге қорқор ұсынған

Алматыда дәмхананың бірі келушілерге қорқор ұсынған
Медеу ауданындағы нысандарды тексеру кезінде түн ортасына дейін қызмет етіп келген тамақтану орны әшкелеренді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалалық кәсіпкерлер карантинге байланысты уақыттық шектеумен келіспей отыр. Әбден шығынға баттық деп наразылық білдірген олар бас санитардың қаулысын елемей жүр. Санитариялық заңнама бойынша құқық бұзғандар қандай жаза арқалайды? Кәсіп иелері шектеулерге неге бағынбай отыр?  Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

Медеу ауданындағы нысандарды тексеру кезінде түн ортасына дейін қызмет етіп келген тамақтану орны әшкелеренді. Тіпті, ірі көшелердің бойында орналасқан мекеме ашықтан-ашық жұмыс істеп тұрды. Тәртіп сақшыларын көрсе де, кейбір қонақтар дәмханадан кетуге асыққан жоқ. Ол былай тұрсын, қарапайым арақашықтықты сақтау, термометрия жүргізу талаптары да сақталмаған.

«Бүгінгі таңда 2 нысан анықталды. Мейрамхана директорларынан түсініктемелер алынып, ары қарай Ішкі істер басқармасына жұмысқа берілді және бұдан басқа көп нысандар бүгінгі таңда карнатиндік режимді бұзып жатыр. Көбінесе анықталғаны бойынша жарық сөндіріледі, перделер жабылады. Сол себепті көп нысандар іштей жабылып жұмыс істеп жатқанын анықтап жатырмыз», – деді Медеу ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.

Ал мына дәмхана иесіне бірнеше рет хаттама толтырылған. Сонда да бұл нысан түнгі уақытта жұмыс істеуін тоқтатпай келеді. Мәселен қазір сағат түнгі 23.00-ден асса да мекеменің іші келушілерге лық толы екені анықталды.

Онымен қоса, дәмхананың қонақтарға қорқор ұсынғаны да белгілі болды. Естеріңізге сала кетсек, 6 тамыздан бері қоғамдық орындарда қорқор өнімдерін тұтынуға тыйым салынған. Ал мекеме иесінің мониторингтік топқа айтар өз уәжі бар.

«Төлейтін несиелеріміз бар. Қызметкерлерімізге де күнін көруі керек қой. Шынымды айтсам, табатын табысымыз көп емес. Дәмханамыздағы бағалар да қымбат емес. Аспаздарымыз табысынан қағылды. Тапқан қаражатымыздың барлығы тек осы ғимаратты жалға алуға кетіп жатыр. Пандемия кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі деген еді. Алайда ешқандай көмек алған жоқпыз», – деді кәсіпкер Сұлтан Есенәлі.

Карантин басталғалы Медеу ауданында 3 мониторингтік топ күндіз-түні рейд шараларын өткізіп келеді. Аймақта соңғы екі аптада 172 нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал санитарлық талапқа бағынбаған 15-тен аса дерек тіркелді.

Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров