Әлмерек ықшам ауданында жарық пен ауызсу мәселесі қашан шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлмерек ықшам ауданының тұрғындары қала аумағында орналассақ та, өркениеттен тыс қалдық деп күйінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлмерек ықшам ауданының тұрғындары қыс түссе, ауызсу мен жарықсыз қаламыз деп үрейленеді. Жоспар бойынша орталықтандырылған ауызсу желісіне ауданның тек бір бөлігі ғана енгізіліпті. Жобаға ілікпей қалған тұрғындар сусыз қаламыз деп тағы абыржулы. Сондай-ақ, халық ауданның ішіне және шеткі аймақтарына қатынайтын қоғамдық көліктер тапшы дейді. Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Әлмерек ықшам ауданының тұрғындары қала аумағында орналассақ та, өркениеттен тыс қалдық деп күйінеді. Халықтың сөзінше, мұнда өмір сүруге ешқандай жағдай жасалмаған. Олар 25 көше болса, соның тең жартысы орталықтандырылған ауызсу, кәріз жүйесіне қосу жоспарына енбей қалғанын айтады. Олардың ішінде Шертер, Алмажай, Жасдәурен, Ұлы дала, Мәңгілік ел сияқты көшелер бар.

«Мен Алмажай көшесінде тұрамын. Өткен жолы Үйеңкі көшесіне жаңа линия жүргізді суға. Сол кезде мен сұрадым біз жоба жоқпыз, бізге суға орын қалдырасыздар ма десем, жоқ, өшеді дейді. Су жаңадан қалай қосылады, солай өшеді дейді. Сонда басқа халық қыстың күні қайтеді», – деді қала тұрғыны Жанна Сманова.

Көшелерге жарық бағандары да жарытып жүргізілмеген. Ал үйлерде жарықтың болғанынан болмаған кездері көп. Ауданды электр желісімен қамту әлі күнге облысқа жүктелген дейді жұрт.

«Қыс түскен кезде, жаңбыр жауған кезде, бітті бізде жарық жоқ. Тәулік бойы жарық болмаған кезде, көмір жақсақ та, газ жақсақ та, бәрібір жарық керек. Насостар істемей қалады. Бәрі электрмен. Сол үшін бүкіл Әлмерекке бір-ақ трансформатор бар. Кешке таман майшаммен отырамыз», – деді қала тұрғыны Анар Үсенбекқызы.

Сонымен қатар, мұнда қатынайтын автобустар тапшы.

Тұрғындардың сөзінше Әлмерек ықшам ауданында небәрі 3 ғана аялдама бар. Қоғамдық көлік, міне, мынау соңғы аялдама мешітке дейін келіп кері қайтатын көрінеді. Әрі қарай халық жаяу жүруге мәжбүр. Жол шұрық-тесік болғандықтан, таксилер де жүрмейді.

Қалалық мобильділік басқармасының мамандары ауданға қосымша автобустар енгізу қарастырылмағанын айтады.  

«Инженерлік жұмыстарға байланысты Әлмерек ықшам ауданына қатынайтын 79, 106 маршруттарының жүріс бағыты уақытша өзгертілген. Сондай-ақ, ауданда транспорттық инфрақұрылым толық болмағандықтан, қосымша автобустар енгізу көзделмеген», – деді Алматы қаласы Мобильділік басқармасының бас маманы

Жәнібек Мананбаев.

Орталықтандырылған ауызсу жүйесімен мұнда тек 400 тұрғын үй қамтылған. Мамандар құрылыс жұмыстары жүрсе де, халық ауызсусыз қалмайтынын айтады. Жаңа су құбырлары алдағы жылдың бірінші тоқсанында толық қолданысқа беріледі. Жарық мәселесінің түйіні де келесі жылы шешілетінге ұқсайды.

«Талғар қаласының электр орталығына жалғанғандықтан, электр бұл ауданға бірнеше ауылдан кейін ғана жіберіледі. Сондықтан электр күші жетпей, үзіліп қалып жатады. Бұл мәселе бойынша қалалық энергетика басқармасына сұраным жасалды. Қазір жобалау жұмысы жүріп жатыр», – деді Түрксіб аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос Бекетаев.

Сондай-ақ, барлық көшені жыл соңына дейін жарықтандыру жоспарланған. Жалпы Әлмерек ықшам ауданында шамамен 5 мыңға жуық адам тұрады. Қала аумағына қосылғанына 5 жылдан асқан.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров