Себебі мұндай құрылғылардың жұмысын жыл сайын тексеріп отыру қажет екен
Алматыға фоторадарларды орнатқан компанияның бұрынғы қызметкері бүгін осындай мәлімдеме жасады. Мекеме директорының бұрынғы орынбасары Тимур Нигмадиловтың айтуынша, мобильді кешендер дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Себебі, тасымалдаушы компания 2015 жылы қалалық Полиция департаментіне 10 радарды бір жылдық кепілмен тарту еткен. Бірақ мұндай құрылғылардың жұмысын әр жыл сайын тексеріп отыру қажет екен. Өйткені жүйе өзінің жылдамдықты есептеу параметрлерін жоғалтуы мүмкін.
«Хаттамаға сәйкес, мұндай құрылғылардың жұмысын жылына бір рет тексеру жүргізіледі. Ол үшін радарлар орнатылған қалада сертификатталған зертхана болуы керек. Біздің жағдайда, бұл –Алтынсарин мен Шаляпин көшелерінің қиылысында орналасқан Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы. Бірақ, өкінішке қарай, ол орталықтың техникалық мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Алматыдағы «Крис-П» құрылғыларының жұмысы орнатылғалы бері тексерілген жоқ. Олардың жылдамдықты қаншалықты шынайы есептеп келгені және жүргізушілерге айыппұлдың қаншалықты орынды берілгені күмән тудырады», – деді қондырғыларды тасымалдаушы компания директорының бұрынғы орынбасары ТИМУР НИГМАДИЛОВ.
Ал Алматының Полиция Департаменті аталған мәлімдемеге қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.