Тыйым салынады: энергетикалық сусындар 21 жасқа толмағандарға сатылмайды

elements.envato.com
elements.envato.com
Жаңа заң күшіне енді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өскелең ұрпақ денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін 21 жасқа дейінгі азматтарға өнімді сатуға тыйым салынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаңа заңды белшесінен басқан жеке тұлғалар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Ал шағын кәсіп иелері үшін ол 750 айлық есептік көрсеткішке дейін артса, орта бизнес субъектісі бар азаматтар мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Ал ірі кәсіп иелері заңды бұзса, 7 миллион теңгеге жуық қаражат өтеуі мүмкін дейді заңгерлер. Мұндайда дүкен сатушылары сақ болғаны абзал.

- Дүкен сатушысы энергетикалық сусындарды кез келген азаматқа сататын кезде олардың жеке куәлігін сұрап, жастарын анықтауы тиіс. Себебі мұндай әрекеттер жасалмайтын болса, 21 жасқа толмаған азаматқа сатып жіберу фактісі анықталса, әкімшілік айыппұл салынады, - дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Мұндай энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин адамның ойлау жүйесін жетілдіріп, физикалық қабілетін арттырады деген жарнаманы жиі көреміз, жасырын емес. Алайда ақ халаттылар сергітетін сусындардың зиянын айтып дабыл қағып отыр.

- Созылмалы ауруы бар науқастар үшін энергетикалық сусындар өте қауіпті. Ол жүйке жүйесінің, қан-тамыр ауруларының өршуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан да энергетикалық сусындардың құрамында қант мөлшерінің шамадан тыс болатынын ұмытпағанымыз жөн. Ал шектен тыс мөлшердегі  қант бауырдың май басуына алып келетінін ескерейік, - дейді қалалық гастрогепатологиялық орталықтың гастроэнтеролог дәрігері Әлия Балабек.

Бұрын маскүнемдік қоғам дерті саналса, қазір жастар үйір болып жүрген энергетикалық сусындардың зардабы одан кем түспейді. Оны халық та біледі. Сондықтан жаңа заңды көпшілік қос қолдап қолдап отыр.

Айта кетейік, 2022 жылғы деректерге сенсек, елімізде 11-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің 43,2% энергетикалық сусын тұтынған. Ал бұл сан, өкінішке қарай, жыл сайын артпаса, кемімейді.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда психикалық ауытқуы бар 12 мыңнан аса адам диспансерлік бақылауға алынған

Новости партнеров