«Зерделі» ықшамауданында тағы бір үй құлағалы тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғындардың есебінше үй 25-30 сантиметрге шалқайған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шаһардың тағы бір көпқабатты үйі қисайып барады. «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2013 жылы Алматының «Зерделі» ықшам ауданында пайдалануға берілген №179 үйде барлығы 72 пәтер бар екен. Күн санап шалқайып бара жатқанын байқаған тұрғындар құзырлы орындардан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үйдің қабырғасында жарықшақтар пайда болса, есіктер өз-өзінен ашылып кететін болған.  Көпқабатты үйдің қисайып бара жатқанын жұрт 8 желтоқсанда байқаған. Көрші үймен салыстырғанда қисайып, есіктердің жабылуы қиындай бастапты. Қазір осы жайт бойынша жұмыс тобы құрылып, тексеру жұмыстары басталып кетіпті.

Кәкімбек Аюбаев 2013 жылы осы тұрғын үй пайдалануға берілгенде алғашқылардың бірі болып көшіп келген. Үш жыл бұрын ұқсас үйлердің бірі қисайып кеткенде қатар тұрған ғимараттардың  бәріне тексеріліс жүргізіліпті. Сол кезде бұрынғы "Алғабас-6" ықшамауданындағы үш үйдің іргетасы мықты деп танылған. Солардың бірі – осы №179  көпқабатты тұрғын үй.  

«Ең сапалы салынғаны осы қатар тұрған үш үй болатын. Біздің мақтанышымыз еді. Айналасы бір апта ішінде осындай жағдайға душар болып отырмыз. Үйіміз басқа қатар тұрған үйлерден қисайып кеткен. Бұрын бірдей тұрған, бірдей салынған үйлер еді бәрі», - деді тұрғын Кәкімбек АЮБАЕВ.

Осылай деген тұрғындардың күн санап үрейі артып келеді. Себебі, есік алдында жырық пайда болып, қабырғалары қақырай бастапты.  Жауапты мамандар келмей тұрып өздері анықтауға кіріскен. Олардың есебінше қасындағы үймен салыстырғанда 25-30 сантиметрге шалқайған. Ал, Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы тұрғын үйде жарты немесе 1 сантиметрге ғана ауытқу бар дейді.

«Зерделі» ықшамауданындағы бұл үйлер мамандардың тұрақты бақылауында. Әр үйге орнатылған арнайы «белгілер» әртүрлі орындардың салыстырмалы биіктігін өлшейтін құралмен ай сайын бақылап тұрады. Біз соңғы рет биылғы жылдың 12 қарашасында тексеріс жүргіздік. Ол кезде еш ауытқу байқалмады. Қазір үйдің шамамен бір сантиметрге қисайғанын байқадық. Тұрғындардың дүрлігуіне себеп жоқ», - деді Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Қуандық АЙТМАҒАНБЕТОВ.

Енді жауапты басқарма өкілдері топырақтан сынама алып, зертханаға жібермек. Бұған 20 жұмыс күні кетеді. Содан кейін ғана нақты қорытындыға келетін боламыз дейді. Ал, жанын шүберекке түйіп отырған тұрғындар үйге қонудан қорқамыз дейді.  

«Енді ол кісілердің көзқарасы қандай екенін білмедім. Сырт көзге үй қатты шайқалып тұр. Қорқамыз. Осы үйді 2013 жылы «Жас отбасы» бағдарламасымен қалай қуанып алдық. Алты жыл ғана өтті, міне осындай жағдай болып тұр», - деді Эльмира ӘЛІМЖАНОВА.

Естеріңізге салсақ, 2016 жылы дәл осы «Зерделі -6» ықшамауданында көп қабатты тұрғын үйдің тағы бірі апатты деп танылып, тұрғындарды басқа жаққа көшірген болатын. Ол кезде Төтенше жағдайлар комитеті 200 адам тұратын, Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің астындағы жер отырып, содан ғимарат қисайды деген шешімге келген болатын.

Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров