2021 жылдың «100 жаңа есіміне» кімдер үміткер

18.03.2021 00:55

«100 жаңа есім» жобасы бастау алғалы 4 жыл ішінде әр саланың үздігі іріктеліп, нақты 100 есім дүйім жұртқа танылды

Алматы қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «100 жаңа есім» жобасына іріктеу басталғанын хабарлағалы 2 мыңнан астам өтінім түскен. Естеріңізге салсақ, жобаға өтініш беру уақыты 21 наурызға дейін жалғасады. Қазақстанның 100 жаңа есіміне кімдер үмітті? Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтып берсін.

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. «100 ЖАҢА ЕСІМ» жобасы бастау алғалы 4 жыл ішінде әр саланың үздігі іріктеліп, нақты 100 есім дүйім жұртқа танылды. Жеңімпаздар елорда төрінде марапатталып, Елбасы алдында сөз сөйледі. Ал 2021 жылдың 100 есіміне 2 мың адам өтініш берген. Оның ішінде "Білім" саласы бойынша 569 адам үмітті.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына өз атымнан өтініш бердім. Қазір жасым 28, химия пәнінің мұғалімімін. Тақырыпты оқушыға толыққанды түсіндіру басты міндетім деп білемін. Өз басым бұл жобаға зор қызығушылық танытып, осы жылдың қорытындысын асыға күтудемін», – деді химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов.

Химия пәнінің мұғалімі онлайн оқу жүйесін өзінің әлеуметтік желісіне енгізіп, ғылыми анықтамаларды жастардың тілінде жеткізеді. Оқушы психологиясын меңгерген ұстаздың бейне-роликтері оқырман қауымның айтуынша, терминдер мен химиялық элементтерден 1 минут ішінде толық мағлұмат береді. «100 жаңа есім» жобасына ұстаздардан бөлек, мәдениет және спорт саласы бойынша 243 адамның өтініші қабылданды.  

«Қазақстанның 21-жылдағы 100 жаңа есімі» жобасына қатысып, өзімнің кандидатурамды ұсынып отырмын. Бір жағынан осы 10 жылға жуық әлемге әйгілі «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі қызметінде, одан кейін, 1 жыл болды, қазақ фольклор мектебін "QFSchool" деп өзімнің авторлық мектебімді аштым. Қазіргі таңда 1 жыл ішінде 50-ге жуық шәкіртті оқытып шығардық», – деді «Hassak» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ержан Жаманкеев.

"100 жаңа есім" жобасы қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін оятып, алдына мақсат қояды. Танымалдардың тізімінде болғыңыз келсе  100janaesim.ruh.kz сайтына тіркелу қажет. Нәтиже сәуір айында белгілі болмақ. Айта кетейік, жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асқан болатын.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжанов, Рәшид Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы