Б.Сағынтаев Алматының экологиялық менеджментін жақсартуды тапсырды

09.07.2019 21:37

Бақытжан Сағынтаев аудан әкімі Б.Торғаевқа экологиялық менеджментті жақсарту, қураған ағаштарды кесіп, жасыл желекті қорғау бойынша тапсырма берді

Служба по связям с общественностью акимата Алматы

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қала аудандарын аралауы жалғасып жатыр. Қала басшысы Алмалы ауданында коммуналдық желілердің жағдайымен, абаттандыру және жүргіншілер қауіпсіздігі, жол көлік оқиғасының санын азайту бағытында іске асырылып жатқан шаралармен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев аудан әкімі БекқалиТорғаевқа экологиялық менеджментті жақсарту, апатты ағаштарды жойып, жасыл желектерді қорғау бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Алмалы ауданында 861 аула бар. Олардың жартысынан көбі күрделі жөндеуден өткізілген. Алдағы уақытта тағы 301-і жаңартылады. 175 шақырым аумақты қамтитын арық жүйелерінің биыл 32 шақырымы жөнделіп жатыр. Ауданда жеке меншік үйлер орналасқан 7 көшеде кәріз жүйесі тартылмаған. Осыған байланысты қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы жоба әзірлемек. Одан бөлек, тозығы жеткен үйлерді жөндеу қолға алынбақ.

«Бүгінде біздің ауданда тозығы жеткен ескі үйлер саны – 135. Бұл үйлер өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін салынған. 60 жылға жуық уақыт болды тұрғанына. Сондықтан тұрғындардың өздері де жаңа үй бергенге қарсы емес. Алайда үйлерді бұзып, орнына басқа үй салу процесі нақты заңдастырылмаған. Қала әкімі сол мәселені қарастырып, ол түйткілді  шешуге тапсырма берді», – дейді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВ.

«Алматы тазалық» кәсіпорны – қаланы жазда қоқыстан, қыста қардан тазалап отырған мекеме. Оларға қаланың 60 пайыздан астам аумағы тиесілі. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған мекеменің жұмысымен танысты. Бүгінде мұнда 1790 жұмысшы, 630 арнайы техника бар. Кәсіпорындағы техниканың 50 пайызға жуығының тозығы жеткен. Жыл сайын 10 пайызға жаңартып отыру көзделген.

«Ең басты мәселе қысқа дайындық. Бұл бағытта техниканы жөндеу және қыстағы жұмысшылардың отыратын орындарын дайындау, жылыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қысқа құм, тұз дайындалып жатыр. Бүкіл қала бойынша 40 мың тонна дайындалу көзделген. Соның қазіргі таңда 25 мың тоннасын қабылдап үлгердік. 1 қыркүйекке дейін қалған құм алынады. Сонымен қатар, 15 мың тонна тұз дайындалу керек. Оның бүгінгі таңда 6 мың тоннасы қабылданды», – деді «Алматы тазалық» МКК басшысы Ғани МЫРЗАХАНОВ.

Қала әкімі «АлматыСпецТехПаркингк»-ке де барды. Қазіргі кезде қалада 5909 тұрақ орындары бар, олардың 186-ы мүгедек жандарға арналған. Бұл жоба көлік тұрақтарын, сонымен қатар қозғалысты ұйымдастыру жүйесін қамтитын, қоғамдық көлік және автокөліктерді эвакуациялау қызметтерімен өзара байланыста болатын бірыңғай орталықтандырылған жүйе арқылы жұмыс істейді. Алмалы ауданын аралау барысында Бақытжан Сағынтаев көлік және жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысып жүрген қаланың белсенді жастармен әңгімелесті.

«Бұл жерде ең жарқын үлгі – Панфилов көшесі. Түнгі 23.00-де ол жерде адамдар қыз-қыз қайнап жатады. Тек түнгі 00-де ғана метро тоқтаған соң адам аяғы сирей бастайды. Панфилов – бір ғана мысал,  яғни, түнгі 3-ке дейін көлік қатынаса, адамдар соған дейін жүре береді деген сөз», – деді жастар жағы.

Ауданда дат сәулетшісі Ян Гейлдің жобасы бойынша тағы үш көше жасалып жатыр. Оның ішінде Жібек жолы, Күләш Байсейітова және Есен Дүйсенов көшелері бар. Шаһар басшысы «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында Жібек жолы көшесін жаңғыртуға қатысты жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынын тексерді.

«Инженерлік инфрақұрылымдар көшіріліп жатыр. Жаңғыртылып жатыр. Одан кейін Жібек жолының бойында су бұрқақ жасалып жатыр. Жібек жолы көшесін осы қыркүйекке дейін қабылдаймыз», – деді  Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Төле би көшесіндегі бұл жылу құбырлары 34 жыл бұрын пайдалануға берілген. Әбден ескірген жылу желісінің биыл 5 шақырымға жуық жері жаңартылып жатыр. Мұнда 30 арнайы техника мен 100 жұмысшы тынбай еңбектенуде. Мамандардың айтуынша, жаңа жылу құбыры 50 жылға дейін жарамды.

«Осы 2019 жылы Мұқанов көшесінен бастап, Розыбакиевке дейін жаңғырту жұмысы болады. Жалпы ұзындығы 4,4 шақырым болса, қазір бізде соның 50 пайыз жұмысы жасалған. Енді тағы 50 пайызы қалды. Бәрі жақсы болса, 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз», – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС техникалық директоры Данияр ҚОЗЫМБЕТОВ.

Қала басшысы мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан бөлек, әкім танымал спортшыны еске алуға арналған мұздағы шоуға қатыспақ. Алмалы ауданын аралау барысында аулаларды күрделі жөндеуден өткізу, газбен қамтуды дамыту, объектілерді, соның ішінде ең алдымен мектептер мен бала бақшалдарды сейсмикалық күшейту қажеттігін. Бұлардан өзге, тозған желілерді жөндеп, жеке үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу керек. Аудан әкіміне осы мәселелерді шешудің нақтылы іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.


Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы