Алматыда қайырымдылық қоры бір айда 15 мұқтаж жанға көмектескен

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыдағы үйсіз-күйсіз қалғандарға көмек көрсететін орталық далада қалғандарға екінші мүмкіндік беріп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы қайырымдылық қорларының бірі бір айда 15 мұқтаж жанға көмек қолын созған. Орталық қызметкерлері жақсылығын материалдық тұрғыда ғана іске асырумен шектелмей, оларға рухани көмек те көрсетіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Тағдыр тәлкегіне қанша ұшыраса да, әрбір сәттен мән тапқан жандар көп. Алматыдағы үйсіз-күйсіз қалғандарға көмек көрсетіп отырған орталық өмірден күдерін үзіп, ішімдікке немесе басқа да жаман әдетке басып, далада қалғандарға екінші мүмкіндік беріп отыр. Мұнда олар жылы төсектен бөлек, медициналық және гуманитарлық көмек алады.

«Жапырағы түскен ағаш бүршік атып, қайта гүлдейді. Бұлттың артынан күн шығады. Яғни, мұқтаж адамға көмек көрсету арқылы бұл дүниеде ізгіліктің барын дәлелдейміз. Олардың қатарға қайта қосылуына атсалысамыз», – деді «Лига добра» қайырымдылық қорының үйлестірушісі Расул Сүлейменов. 

Басын бұлт шалған 58 жастағы әйелдің айтуынша, мұндай халге ішімдік емес, тасжүрек туыстары жеткізіпті. Туған анасынан қалған үйді жиені тартып алып, Елена далада қалған көрінеді. 

«Осылайша, мен осы орталыққа келдім. Мұнда еңбекке жарамды болу үшін біліктілігімді арттырып жатырмын. Бұрын Ресейден келіп, анамды бақтым. Сол кездері алыс туысым қулық танытып, қара шаңырақты өз атына жаздырып алды», – дейді Елена Попова.

Ал 39 жастағы Ринат Алматыға елордадан жұмыс іздеп келген. Жалдамалы құрылысшы болған ол маңдай терінің ақысын ала алмай, сан соғып қалған. Өмір бір айналдырса, шыр айналдырады демекші, қапыда қалғанда құжатын да жоғалтып, көше кезіп кеткен.

«Негізі, мен бала-шағаны асырау үшін ақша тапқым келді. Бірақ дым жоқ. Құрылыста жүргенде аяғымды сындырдым. Ал бүгінде осы орталықта тұрып жатырмын. Бұл кісілер құжаттарымды реттеп, медициналық көмек көрсетуде», – деді Ринат Ганниев.

Алматы қаласында бұл қайырымдылық қорының 4 орталығы бар. Әр үй 25 төсек орнымен, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілген. Осылайша мұндағы адамдар қоғамға қайта қосылуға мүмкіндік алады.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров