Қала арасында көлік таситындарға алданғандар саны 70-тен асады
Елімізде қала арасында көлік таситындардың біразы алаяқ болып шықты. Оларға бірнеше ай бұрын машинасын бергендер бүгінде сан соғып отыр. Көбінің темір тұлпары айтылған жерге жетпегені былай тұрсын, Алматыдан шықпай жатып-ақ жоғалып кеткен көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тасымалдаушылардың атын жамылған алаяқтардың схемасы оңай. Олар сізді көзден таса жерге, яғни, бейнекамера да жоқ жерге шақырады. Сіз ол ұсынысқа, әрине, көнесіз. Себебі олардың қызмет көрсету құны 150-200 мың теңгеден аспайды. Бұл тасымалға арзан, тиімді баға болған соң кездесуге келесіз. Оларға көлікті ғана емес, көліктің кілтін, тіпті құжатын да сеніп тапсырасыз. Осыдан кейін ол қызмет көрсету келісімі бойынша тиісті қалаға жетуі керек. Бірақ әлгі көлік тасымалдаушының атын жамылған азамат көлікті айдап алып кеткеннен кейін, айтқан жерге жеткізбейді. Түбінде не мүлік жоқ, төлеген ақша да жоқ. Бүгінде осындай алаяқтықтың құрбаны болғандардың саны 70-тен асады.
Әккілерге алданғандардың бірі Жанна Опарий жол талғамайтын көлігін Алматыдан Оралға жібергісі келген. Содан интернеттен қала арасында мүлік тасумен айналысатындарды жалдаған. Ал олар 2 мың шақырымнан асатын жолға 150 мың теңге ғана сұрапты. Арзан бағаға қуанған азамат бірден келісіп, темір тұлпарын тиеп жіберген.
– Көлік жоғалып кетті. Қайда екенін сұрасақ, «машинаң ұрланды, тұрған жерін білгілерің келсе, 3 миллион теңге салыңдар» деп жауап берді. Тасымалдаушылардың алаяқ екенін сонда ғана түсіндім. Полицияға арыздандым. Бір ай өтті. Бірақ еш хабар жоқ. 20 миллион теңгенің көлігі жоғалды, – деді зардап шегуші Жанна Опарий.
Ал Полиция департаменті оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс қазір жан-жақты тергеліп жатқанын хабарлады.
– Тиісті ізкесу және тергеу амалдары жүргізілуде. Соның нәтижесінде сезіктінің аты-жөні анықталып, ұсталады. Сонымен қатар іздестірудегі автокөліктің нақты тұрғылықты жері анықталады, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал автосарапшының айтуынша, көлікті алып кеткендер оны Алматыдан шықпай жатып-ақ жоқ қылуы да мүмкін. Түгел бөлшектеп сатып жіберуі де ғажап емес.
– Сан соғып қалмау үшін ресми логистика қызметіне жүгінген абзал. Интернет арқылы байланысудың қажеті жоқ. Себебі онда алаяқ көп. Олар қымбат көліктерді қалт жібермейтіні белгілі. Сол үшін мұндай істе көзбе-көз жүздесіп, келісім жасасу керек, – деді автосарапшы Вадим Аскеров.
Сарапшы «алаяқтар қашықтан ғана байланысқан соң, оларды қолға түсіру қиын» деген пікірде. Ал полицияның дерегінше, бұған дейін тура осындай іс бойынша қылмыстық топ ұсталып, 5 адамның көлігі қайтарылған.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Автобустар ескі: Петропавлда жүргізушілер дау шығарды