Естімеген елде көп: Тұрғыны жоқ кентте әкімдік бар

Almaty.tv
Almaty.tv
Болашағы бұлдыр кенттің не себепті статусы сақталып отыр?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысында әкімдігі бар, бірақ тұрғыны жоқ кент бар. Кент деген дардай аты болғанымен, елдімекенде бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Бар-жоғы 3 үйде мал шаруашылығымен айналысатын отбасы тұрады. Ұмыт қалған ауылдың тұрғындары қыстың күні жақын маңдағы қаланың өзіне жете алмай қар құрсауында қалатынын айтып редакциямызға шағымданды. Болашағы бұлдыр кенттің не себепті статусы сақталып отыр? Ешқандай жұмыс орны, тіршілік көзі жоқ елдімекенде әкімінің атқарар міндеті қандай? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Жамбыл кенті аудан орталығынан 500 шақырым жерде. Кезінде қалалық типтегі кент облыстағы бетке ұстар елдімекен болған. Мұнда өмір сүруге қажетті барлық нысандар жұмыс істеп тұрған. 90 жылдары шахта жабылған соң жұмыссыз қалған халық жаппай көшіп кеткен.

Қазір сол кезінде гүрілдеп жұмыс істеп тұрған ғиамараттардың тек қирандылары қалған. Мәселен, мына екі қабатты алып ғимарат балабақша болған. Мұндай балабақша қалалардың өзінде некен-саяқ еді. Бүгінде мұнда небәрі 3 отбасы ғана тұрады. Сол 3 отбасы үшін елдімекеннің кент деген статусы сақталып отыр.

3 отбасыға әкім және оның маманы, есепшісі қызмет көрсетеді. Алайда олар ауылдың өзінде емес, жақын маңдағы қалада тұрады. Тұрғындардың айтуы бойынша, әкімі кентке 10 күн бұрын келіп кеткен. Бірақ біз барған күні де әкім ауылда емес Қаражал қаласында болып шықты. Ол кенттің бүгіні мен болашағы туралы ештеңе дей алмайтынын кесіп айтты. Ешқандай әлеуметтік нысан жоқ ауылда не үшін осыншама маман ұстайтынын білу үшін біз аудан орталығына бардық. Әкімдіктегілер кент басшысы күнделікті қатынап жұмыс істейді деп отыр. Олардың айтуы бойынша, әкімдіктің ғимараты да бар-мыс. Бірақ біз көрген ғимаратта мемлекеттік нышандар да орнатылмаған. Есігінде қара құлып, терезелері шағылған.

Азамат Әбілдин, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

- Әкімдіктің ғимараты бар ол жерде....Әкім Қаражалдан қатынайды.

- Тұрғындардың айтуы бойынша, 10 күн бұрын келіп кеткен

- Оның үйі, отбасы Қаражалда. Сондықтан қатынап барып істейді.

Аудан әкімінің орынбасары олардың еңбекақысына бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін де айта алмады және ол ауылда 3 емес, 7 отбасында 15 адам тұрады деп тұрғындардың сөзін жоққа шығарды. Құжат бойынша мекенжай тіркеуінде 50-ге жуық адам бар екен. Тіпті 2 адам кентте қоғамдық жұмысқа тартылған.

Азамат Әбілдин, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

- Ол жерде қандай қоғамдық жұмыс бар?

- Елдімекен ғой. Ол жердің тазалығы бар. Басқасы бар дегендей. Сондай жұмыстармен айналысады сол жерде.

Кент статусын алып тастау туралы бұған дейін мәселе көтерілген. Бірақ жарығы, суы жоқ елдімекенде инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақшы болыпты.

«Жалпы инвестициялық жобалар іске асырылады деп күтілген болатын. Кейінге уақытқа дейін. Соған байланысты біз елдімекенді жаппау туралы шешім қабылданған болатын. Биыл жабылмаған себебі халық санағы өтетін болды да, бізге жоғары жақтан тапсырма келіп түсті. Санаққа байланысты ешқандай елдімекендерді жабуға, атау беруге, басқа да мәселелер тоқтатылған болатын», – деді  Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин.

Кент атауы алынып тасталғанның өзінде жақын маңдағы елдімекенге бөлімше ретінде беріледі. Ал, әзірге әкімі мен оның қызметкерлері ауыл тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмек тасып, қажетті заттарын жеткізіп курьердің міндетін атқаруды жалғастыра бермек. Тұрғындар болса, жылына бір рет әкімнен күзде  қаламен қатынайтын жолдың бойындағы шөптерді шауып беру туралы өтінішімізді орындай алмай отыр дейді. Әйтпесе, қыстың күні қар басып ауылдағы алты адам айдалада байланыссыз қалған күндер де болған.  

«Емханасы, азық-түлік дүкені, жанар-жағармай станциясы бар жақын маңдағы қала бізден 120 шақырым жерде. Міне, осы жолмен қатынаймыз. Биыл бұл жолдың жиегіндегі шөптерді шапқан жоқ. Сондықтан тағы да жолсыз қаламыз ба деп алаңдап отырмыз. Қыс болса, қыр астында. Қалың қар түссе, ешқандай техника өте алмай қалады. Әкімдікке 1 ай бұрын хабарласып ем, бізде уақыт жоқ, күтіңіздер деді. Жолды жөндеп бер деп отырған жоқпыз ғой. Қарапайым өтінішімізді ауыл әкімі орындай алмай отыр», – деді  кент тұрғыны Жанат Мақашов.

Бұл облыстық маңызы бар жол болғандықтан, қыстың күні күтіп ұстауға облыстық бюджет есебінен қаражат қарастырылады екен. Дегенмен мәселе 1-2 күнде шешіледі, техника жібереміз деп сендірді аудан басшылығы.  

Асылбек Тойбек

Новости партнеров