Қолма-қол төлем қабылдаған саудагерлерге айыппұл салынады

05.01.2024 00:55

Алматыдағы қоғамдық кеңес мүшелері мен сенаторлар кездесті

Almaty.tv

Онлайн-төлемнен бас тартып, қолма-қол ақша ғана қабылдай бастаған саудагерлерге қомақты айыппұл салынады. Қаржы министірлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін еске салды. Бұл мәселе бүгін Алматыдағы қоғамдық кеңес мүшелері мен сенаторлардың басқосуында да көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоғамдық кеңес пен сенаторлардың кездесудегі мақсаты – жаңа Салық кодексінде ескерілуі тиіс жайттарды пысықтау. Сондай-ақ депутаттардың қарауындағы заңдар мен реформалардың тиімді және кем тұстарын талқылау. Бүгінгі жиында сөз сөйлеген әр спикер түрлі мәселені көтерді.

– Басқосуда несие алып, қарызға батқандар мәселесі көтерілді. Олардың қатарында студенттер де көбейіп барады. Сондықтан несие рәсімдегенде шәкіртақыны табыс көзі ретінде санаған қаншалықты дұрыс? Микрокредиттердің жұмысы қаншалықты заңды? Сауалдар қойып, қаржылық сауаттылықты арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды, – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Несие жүйесінен бөлек, басқосуда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сұрақтар да көтерілді. Сонымен қатар мобильді аударымдарды тексере бастағалы кәсіпкерлер мен тұтынушы арасындағы ақша айналымына байланысты туындаған мәселелерге сенаторлар да жауабын айтты.

– Қолма-қол ақшаға қайта оралу цифрлық заманда ақылға қонымсыздау деп есептеймін. Қаржы ағынын бақылау, оның жүйесін реттеу деген мәселелер мемлекет үшін де маңызды. Өйткені көлеңкелі экономикаға кететін қаражат көбейіп кеткендігін жақсы білеміз. Сондықтан бұл – осы айналымдағы, көлеңкедегі қаражатты халық кәдесіне қайтару үшін жасалып жатқан шара, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Сенаторлар айтылған мәселенің барлығы елордада талқыланып, міндетті түрде ескеріледі деп сендірді.

Айта кетейік, Алматыға арнайы іс-сапармен келген олар ертең медицина қызметкерлерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласына да кеңінен тоқталады.

Оразай Нұртайұлы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дүкендегі дүрбелең: қолма-қол төлем жасау кәсіпкерді салықтан құтқара ма