Маңғыстау облысында жергілікті билік халыққа неге су бермей отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Екі резервуар және 8 құдыққа бюджеттен 300 млн теңге бөлінген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында тағы да шу шықты. Халық әкімдіктің 12 жыл бұрын пайдалануға берілген 8 құдықты қоршап тастағанына қапалы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жерасты суы кәріз құдығының суымен араласып жарамсыз болып қалды». Әкімдік өкілдерінің уәжі осындай. Сондықтан да ішуге тыйым салған. Бірақ бірнеше тұрғын ауласынан құдық қаздырып, жерасты суын ашық түрде, заңсыз сатып отырған көрінеді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, эпидемиолог мамандардың шығарған қорытындысы бар. Халықтың денсаулығын маңызды деп білген аудан әкімдігі су беруді тоқтатуға мәжбүр болғанын айтты. Бірақ шенеуніктердің бұл уәжіне ауыл тұрғындары мүлде сенбейді.

– Негізінде, екі ауылда да су қоры жеткілікті, халықтың талабын ескеріп, мәселені әкімдік шешіп беруін сұраймыз. Каспийдің суы тартылып барады, алда жаз келе жатыр. Су сорғыларының ұрланғаны немесе ұрланбағаны жөнінде ешкім ештеңе айта алмай отыр, – деді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Марат Қойшыбаев.

Билік өкілдерінің айтуынша, 8 құдық алдағы уақытта пайдалануға берілуі мүмкін дейді. 150 млн теңгеге су тұщыту қондырғысын сатып алған. Қазір құдықтар «Түпқараған су жүйесінің» балансында. Аталған мекемеден 5 текше метр суды 2 мың теңгеге сатып алуға болады. Ал амалсыздан үйінің ауласынан құдық қазып, су сатып отырған тұрғындардың әрекеті заңға қайшы болып шықты.

– Заңға сәйкес, жерасты суын пайдалану үшін тұрғындар «Жайық-Каспий» бассейн инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесінен рұқсат алуы керек. Алайда өздерінің ауласынан ұңғыма қазып алған тұрғындар ол жоқ, – деді Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Дидарбек Жантуаров.

Кезінде екі резервуар және 8 құдыққа бюджеттен 300 млн теңге бөлінген, бұдан бөлек қосымша су тұщыту қондырғысына 150 млн теңге жұмсалған. Мемлекеттік сатып алу порталын тексеру кезінде жерасты суын тартатын 6 сорғыны сатып алу үшін 12 млн теңге де қажетке жарапты. Осылайша, барлығы 462 млн игерілген.

– Түпқараған ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына 12 млн теңгеге сатып алынған сорғылар туралы ресми ақпарат сұраттық. Бір ай уақыт болып қалды, әзірге тұщымды жауап жоқ. Қазіргі уақытта барлық құжаттар жинақталып, құзыретті органдарға жолданатын болады. Жинақталған барлық құжат Антикорға жолданып, аудиттік тексеріс тағайындалуы қажет. Сыбайлас жемқорлық белгілері болуы ықтимал, – деді «Әділдік жолы» ҚБ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Асқар Жақсыбаев.

Ауыз сусыз амалдап күн кешіп отырған азаматтар істің оң шешімі болатынына үміт артады. Ал мәселені жергілікті билік шеше алмаса, тұрғындар ел билігіне хат жолдайтынын айтты.

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: екі ай бұрын қолданысқа берілген полиция ғимараты құлауға шақ тұр

Новости партнеров