Петропавлдық 67 жастағы қария Алматыға велосипедпен келді

25.06.2021 01:36

Мұндағы зейнеткердің негізгі мақсаты қазақтың дархан даласын аралап, қалың жұртшылыққа спортты насихаттау

67 жасар қария Петропавлдан Алматыға велосипедпен келді. Салауатты өмір салтын ұстанатын Қазыбек Бекеев елімізде алғашқылардың бірі болып 1700-ден астам шақырымды қос дөңгелекті көлігімен жүріп өткен, деп хабарлайды Almaty.tv

Марафоншының жоспары небәрі 10 күн ішінде орындалып, жол-жөнекей ауылдарға соғып, мешіттерде түнеген. Мұндағы зейнеткердің негізгі мақсаты қазақтың дархан даласын аралап, қалың жұртшылыққа спортты насихаттау. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осындай шешім қабылдаған қария өткен жылы да елордаға велосипедпен барған еді. 

«Cпортпен айналысуға ешқашан да кеш емес. Мен 60 жасымда марафондарда жүгіруді бастап, жақсы нәтижелерге жеттім. Қазір жасым 67-де», − деді марафоншы Қазыбек Бекеев.

Спортшының ендігі мақсаты Балтық жағалауындағы елдерді басып өтіп, Испанияға жету. Сондықтан сапарға дайындықты қазірден-ақ бастап кеткен. 

«Осы марафонға шығар алдында Петропавлдан хабарласқан еді. Енді көп туысқандары кішкене күмәнданды. Алыс жол, қиындау болады ғой деп. Бірақ менде ешқандай күмән болған жоқ. Өйткені бұл кісінің толықтай жаттығуларын көргем, тауға бірге шыққанбыз», − деді туысы Бақыт Әзімбаев.