Алматыда биыл вандализм жасаған 90 адам анықталған. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде ескерткіштерді қирату, түрлі нысандарды бүлдіру, сындыру фактілері жиілеген. Алматыда да бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Тіпті күндіз-түні күзетілетін кей ғимараттарға да вандалдардың зақым келтіріп, оқуға ауыз бармайтын жазулар қалдырып кететінін көріп жүрміз.
– Бөтеннің мүлкін қасақана жою, құрту Әкімшілік кодекстің 147-бабының нормалары бойынша саралануда. Бастапқыда 5 АЕК көлемінде айып тағылады. 1 жылдың ішінде тағы да құқықбұзушылық болса, айыппұл мөлшері 10 АЕК дейін өседі, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал психолог Салтанат Төлебаева вандализмге психологиялық фактор жиі себеп болатынын айтты. Маманның айтуынша, мұндай әрекетке бұзақылар көбінесе үрей мен агрессия салдарынан барады. Отбасындағы тәрбие де тәртіпсіздікке түрткі болады.
– Вандализм депрессия кезінде, адам күйзеліске ұшырағанда жасалуы мүмкін, – деді психолог Салтанат Төлебаева.
Ал еріктілер қоғам меншігіне атүсті қарайтындармен күресіп әлек. Ай сайын осы бағытта эко-акциялар ұйымдастырады. Соның аясында графитилерді өшіріп, бүлінген мүлікті қайта қалпына келтіруге атсалысып келеді.
– Еріктілер ең алдымен, мектептерде, балалар үйінде вандализмге қарсы семинар ұйымдастырамыз. Бәрін түсіндіреміз. Қоғамдық мүлікті бүлдіруге қарсы еріктілер өте көп. Жұмыла жұмыс атқарып жатырмыз, – деді ерікті Елдар Байғабылов.
Еріктілер «вандализммен күресте бір кісідей атсалысу - азаматтық міндетіміз» дейді. Алайда бұзақылардың бұл әрекетіне тұсау салу келелі мәселе боп қала бермек.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алаяқтардың ықпалымен рәсімделген берешек кешіріледі