Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын негізсіз көтергендерге айыппұл салынды

06.08.2022 00:36

Рейд барысында 12 дүкен анықталды

Ашық дереккөз

Алматыда соңғы бір айда  әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы негізсіз өскен. Бүгін арнайы рейд жүргізген кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мамандары осындай 12 дүкенді анықтады, деп хабарлайды тілшісі.

Құнның негізсіз қымбаттауы көп жерде байқалып отыр. Бұл - сатып алушылардың да құқығына қарсы. Ал сала мамандары жүргізетін жұмыс осындай заңбұзушылықтың алдын алады, бағаның бақылаудан шығуына жол бермейді.

«Бәрі күнде қымбаттайды. Қант та, нан да қымбаттады. 160 теңгеден алып жүрген наным қазір 220 болып тұр», – деді қала тұрғыны Сәуле Әмірова..  

«15 пайыздан артық үстемеге қатысты тексеру аудан қызметкерлерімен бірлесе отырып күнделікті жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда осы дүкенге қатысты тұрғындардың өтініші бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Заңның бұзу дерегі анықталды. Соған сәйкес, 204 баптың 4-тармағына сәйкес ескерту салынады», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялық басқарма басшысының орынбасары Ерлан Омаров

Құзырлы орган өкілдерімен рейд жүргізу нәтижесінде  тауарларды қымбат бағамен сатқан 12 дүкенге  әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Айта кетейік, егерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына қосылған үстеме 15 пайыздан асса, онда кәсіпкер 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 30 630 теңге айыппұл төлейді.

Қасымхан Талғатұлы, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы