Алматыдағы «Шаңырақ» қарттар үйінің тұрғындарына әншілер тосынсый жасады

29.12.2021 00:56

Бір шаңырақ астында 300 адам болып күн кешіп жатқан жандар бір жасап қалды

Almaty.tv

Алматыдағы «Шаңырақ» қарттар үйіндегі қариялар бір марқайып қалды. Олай дейтініміз, қазыналы қарттардың көңілін аулап, Жаңа жыл қарсаңында мерекелік көңіл күй сыйлаған бір топ қайырымды жандар жанынан табылды. Дария көңілді қарияларға әннен шашу шаша келген Қазақстанның халық әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова мен өнерлі отбасы Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер мерекеге ерекше тосынсый жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Кәрілік жетіп, қуаты қашқан шақта жанына медет іздеген қарттардың көңілі бүгін бір жасап қалды. «Шаңырақ» әлеуметтік орталығында күн кешіп жатқан жандардың жанын жадыратқан жұлдыздар да бүгін аянып қалмады. Барын салды.

«Біз де сол кісілердің ізін басып келе жатқан адамдармыз. Сондықтан мейрімділік танытып, елгімізге қызмет жасап, еңбек сіңірген адамдарға әнімізді айтып, қуанттық», – дейді ҚР еңбек сіңірген әртісі Қанат Құдайбергенов.

Бір шаңырақ астында 300 адам болып күн кешіп жатқан жандар бүгін бір сәт кәрілікті ұмытып, таянған таяғын тастап, би алаңын босатпады. Балаша марқайып, жаңаша жасап қалды. Жаңа жылды қазірден бастап кеттік деп қалжыңдап та қояды.

«Алматы» телеарнасының көрермендері, келе жатқан Жаңа жыл мерекелеріңізбен! Әр шаңырақта бақыт бен береке болсын!», – деді ҚР еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова.

Арнаулы көмекке мұқтаж жандарды жебей келген жастардың көшін UIB пікірсайыс клубының ұл-қыздары бастады. Ал әр жанға жеке-жеке бағалы сыйлық алып, ізгі ниетін білдірген «ДемалЛайк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мерекені толықтыра түсті. 300 қартқа қаржы жұмсап, қатысушыларға да бағалы сыйлық ұсынған қоғам қайраткері, «Намыс» орденінің иегері Айнұр Аралбайқызы дәл осы кештің бас демеушісі болды.

«Бүгін «Шаңырақ» қарттар үйінде меркелік іс-шара жүргіздік. Арнайы әкелген сыйлығымызды тараттық. Концерттік бағдарлама болды. Енді ол кісілердің қуанышында шек жоқ. Балаша қуанып баталарын беріп жатыр. Осы шараға атсалысқан барша жанға алғыс айтамын», – деді қоғам қайраткері Айнұр Аралбайқызы.

Атадан алғыс алуды армандаған елдің ұрпағы бүгінде бұл болмыстан тая қоймады. Мерекелік кештің соңын қарттар үйінің өнерпаздары қорытындылап, келушілерге ықыластарын жеткізді.

«Жасаған жақсылықтарың босағаларыңызға ризық болып тисін. Бала-шағаларыңызға амандық, бәріңізге денсаулық тілеймін. Кеш керемет өтті», – дейді «Шаңырақ» қарттар үйінің қызмет алушысы Әлжаппар Әуталипов.

«А Құдай оңдасын, еш жамандық болмасын, не тілеген тілектеріңді берсін. Дендеріңе саулық, бастарыңа амандық берсін. Әумин!», – деп бата берді «Шаңырақ» қарттар үйінің қызмет алушысы Күлбаран Шәкенова.

Шараны қолдап, алғысын жолдап, есігін айқара ашатын «Шаңырақ» орталығының басшылығы қашанда қайырымды жандарды қолдаймыз деп отыр. Ал кешке арнайы ат басын бұрған Әуезов ауданы әкімдігі алғысөз алып, өнерпаздар мен қарттарды мерекемен құттықтап өтті.

Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы