Алматылық оқушылар қазақша күреске тегін қатыса алады

Алматылық оқушылар қазақша күреске тегін қатыса алады
Тегін күрес үйірмелері Жетісу ауданындағы 6 мектепте ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үйірме Жетісу ауданында 6 жерде жүретін болады. Ұлттық күрес залдарын ақысыз жұмыс істету – ежелгі спортты дәріптеуге мүмкіндік береді дейді бастамашылар.

№143 мектепте алғаш рет тегін қазақша күрес үйірмесі ашылып жатыр. Бұған дейін осындағы оқушылар аталған спорт түрімен басқа жерге барып жаттықса, енді әуре болудың қажеті жоқ. Бұл мектепте алғаш рет тегін қазақша күрес үйірмесі ашылып жатыр, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

«Мен осы мектепте қазақ күресі ашылғанына қуаныштымын. Мен Қажымұқандай  батыр ата болғым келеді. Және де қазақтың чемпионы болғым келеді», – деді бір оқушы.  

«Бізде бүгін қуаныш және мереке. Мектебімізде күрес үйірмесі ашылғанына қуаныштымыз», – деді тағы бірі.

«Күресті ашқанына керемет қуанып тұрмын. Бұйырса мектепті «Алтын белгімен» аяқтағым келеді.  Содан соң күреске қатысып, Қазақстанның атын шығарып, чемпион болуға үміттенемін», – деді тағы бір оқушы.

Салтанатты шарада мың бұралған бишілер өнерлерін паш етіп,  қалалық қазақша күрес спорт клубының палуандары төл күресіміздің бірнеше әдісін көрсетті. Сонымен қатар, жеткіншек палуандар да  шеберліктерімен боз кілемде белдесті. Жаттықтырушылардың сөзінше, әр баламен жеке жұмыс істесе, жауырыны жерге тимеген Қажымұқандай чемпион шығуы мүмкін.      

«Әр баланы дайындасақ, мықты спортшы шығады. 99 пайыз еңбек, 1 пайыз талап. Егер соған талпынсақ, жеңіске жетуге болады», – деді Алматы қаласы Қазақ күресі спорт клубының жаттықтырушысы Ержан БЕЛГІБАЕВ.

Бастамашылардың айтуынша, қазақстанда төл күресімізді көбірек дәріптеу керек.

Осындай тегін үйірмелердің санын арттыру арқылы жастарды қызықтырамыз дейді Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов. 

   

«Жапонияда 103 миллион халық болса, олардың 30 пайызы дзюдомен айналысады, ол тіпті мектеп бағдарламасына енген. Ал Корея халқының 15 пайызы таэквондамен айналысады. Ал бізде, Қазақстанда қазақ күресімен  айналысатындар саны 1 пайызға да жетпейді. Сол үшін біздің арманымыз болашақта күрес мектеп бағдарламасына енгізу, Қазақстанның бүкіл мектебінде осындай мүмкіндік ашу», – деді Алматы қаласы, Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Тегін күрес үйірмелері Жетісу ауданындағы 6 мектепте ашылды. Жалпы аталған аумақтың  21 білім ошағында, 26 мыңға жуық оқушы бар. Кез келген тәлімгер аталған жерлердегі  тегін күреске қатыса алады.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров