Ғасыр дертіне тосқауыл бар ма: нашақор бала неге көбейіп кетті

Online Marketing / Unsplash
Online Marketing / Unsplash

Қоғамдық кеңес мүшелері мәселені бірігіп шешуді көздейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 10 жастағы бала есірткіге тәуелді. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Соңғы жылдары кәмелет жасқа толмағандардың арасында психотроптық заттың таралуы кең етек жайды. Ең қиыны - оларды емдейтін орталық жоқ. Негізгі көмек көрсететін мекемелер 14 жастан бастап қабылдайды.

Қала бойынша есірткі азабынан арыла алмай жүрген 16 жасөспірім бар. Олардың жас ерекшелігі 14 пен17 жасты құрайды. Мұның өзі жыл басынан бері көмекке жүгінгендердің ресми саны. Тіркеуге тұрып, ем қабылдаудан қорқып жүргендердің қатары бұдан да көп болуы мүмкін дейді мамандар.

– 15 жастағы ұл баланың анасы есірткі қолданады екен. Ол баланы кішкентайынан есірткі қолданатын орындарға бірге алып жүрген. Тіпті шақалағын танымайтын адамдардың ортасында қалдырып кететін әдеті болған. Қазір әйел диспансерлік бақылауда. Ол ата-ана құқығынан айырылған. Ал баласы мамандардың емінен өтті, - дейді қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Жасөспірімдер синтетикалық есірткіге әуес. Емделушілердің айтуынша, бәрін әлеуметтік желіден табуға болады.

Бұл тұста ата-ананың бейқамдығы басты қателік. Тіпті кейбірі, полиция өкілдерінің мектептерге тексеру жүргізуіне қарсы.

– Ең бірінші ата-ана қарауынсыз қалған бала есірткіге жылдам бой алдырады. Ата-ананың көбі жұмысбасты. Таңнан кешке дейін үйде болмайды. Бала өз бетімен өседі. Жасөспірім кіммен араласып, қандай әлеуметтік желілерде  отыратынын білмейтін ата-аналар көп. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндетін дұрыс атқармауы» деген 127-бап бар. Сол баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді қалалық ПД ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.

Жыл басынан бері осы баппен 300 аса ата-ана жауапқа тартылды.  «Нашақор баланың көбеюі - ғасырдың дерті», деп дабыл қаққан қоғамдық кеңес мүшелері тексеру мен түзеуді тездету керек дейді. Өйткені, күннен-күнге есірткі қолданатындар көбейіп барады. 

– Синтетикалық есірткіні 10-11 жастағы балалардың қолданғанын анықтадық. Өкініштісі, бізде оларды емдеп, сауықтыратын орталық жоқ. Мемлекеттік мекемелерде 14 жастан бастап қана көмек көрсетіледі. Өз ұсынысымызды бұған дейін қоғамдық кеңестің талқылауында ұсынғанбыз. Мұндай сұмдықтың алдын алмасақ, балалардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр, - дейді қоғамдық кеңестің мүшесі, «Наркостоп» жобасының жетекшісі Нұржан Жақыпов.

Қалалық психикалық сауықтыру орталығында ем қабылдап жатқан 16 жасөспірімнің сегізі - қыз. Дәрігерлер өздігінше жеке орталыққа жүгініп, әртүрлі тәсілмен емделетіндер көп екенін айтады. Сондықтан қандай да бір нақты көрсеткішті атау - қате.

– Есірткіні қолданып, өз бетімен қойған кезде олардың буындары ауыра бастайды, түнгі ұйқысы, тәбеті кетеді. Дене қызуы көтеріледі. Сондай кезде бізге келіп емделеді, - дейді қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Дерттен жазылып, тәуелділіктен арылуға болады. Ондай науқастар аз емес. Бірақ оған кәсіби емнен бөлек, баланың ортасы, ата-анасының көңіл бөлуі әсер етеді.

Мадина Оқас, Хангелді Ахметхан, "Алматы" телеарнасы 

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы жаппай улану: оқушылар неден ұшынды

Новости партнеров