Республикалық жиынға 80 азаматтан өтінім түскен
«40 күндік әскери дайындықтан өт те, қосымша мамандыққа ие бол». «Jiger» деп аталатын әскери пилоттық жоба президенттің тапсырысымен ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсаты – жастарды әскерилердің тыныс-тіршілігімен таныстырып, сала туралы білім беріп, патриоттық сананы қалыптастыру. Әскери даярлықтан Алматы қаласында тұрақты мекенжайы бар, Enbek.kz порталында жұмыссыздар тізімінде тұрған 24 пен 35 жас аралығындағы азаматтар өте алады. Республикалық жиынға бүгінде 80 азаматтан өтінім түсіп, 30 тұрғын іріктеуден өткен.
– Бірінші бөлімде алғашқы әскери дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Ол әскери дайындық «Іле» жаттығу орнында қаруланып, оқ атумен бітеді. Одан ары қарай дәнекерлеуші маман дайындап шығамыз, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Алматы филиалы бойынша директорының орынбасары Амантай Өсербаев.
– Мен сауалнаманы толтырып, өтінім жібердім. Шақырту алып, осы жерде норматив тапсырдық. Одан кейін құжаттарды өткіздім. Іріктеуден өттім және де бұл жерде әскери дайындықтан өткеннен кейін әскери билет береді. Өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын, – деді жобаға қатысушы Дамир Садыров.