Қазақы төбет пен құмай тазының тұқымын қалай сақтап қаламыз

14.09.2022 00:56

Ел бойынша 318 тазы және 57 төбет тіркелген

Almaty.tv

Тазы мен төбет құрудың аз-ақ алдында. Таза тұқымды ит өсіретіндер осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, төрт аяқтыларды өзге мақсатта баптайтындар будандастыруды жалғастыра берсе, қазақы төбеттің тұқымы мүлдем жоғалып кетуі мүмкін.

Жәнібек Дүйсенбайұлы – қос тазының егесі. Құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған жеті қазынаның бірі оған атасынан қалыпты. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтың айтуынша, асыл тұқымды төрт аяқтылар оның сенімді серігіне айналған. Саят құрғанда қос иттің шибөрі алған кездері де болыпты.  

«Тазы  қызыл кітапқа енген ит. Ит деуге де келмейді, атамыздан қалған мұра ғой. Жоқтың қатары. Қазір көбі мұны бизнеске айналдырып алды. Ақшаға күшігін сатып дегендей. Мұны енді патенттесек деген ой бар», – деді ит асыраушы Жәнібек Дүйсенбайұлы.

Қала сыртына жиналған ит асыраушылардың арасында бұл іспен 30-40 жылдай айналысқандар бар. Олар төбеттердің құрып бара жатқанына шатыстыру себеп болған дейді. Сондықтан бүгінде таза қанды қазақы ит табыла бермейді.

«Біздің ұстап отырған төбеттердің өзі ең соңғы тұяқтары. Бұларды тікелей төбет деп айта алмаймыз. Бірақ бұл иттердің тұқымында, арғы аталарында төбеттің қаны бар», – деді  «Құтжол» клубының жетекшісі Жақып Есболаев.

Кезінде әр қазақтың ауласын күзетіп, тұрмыста өзіндік міндеті болған тазы мен төбеттің азайып кеткені баршаға мәлім. Ал оның санын арттыру және тұқымын сақтап қалу мәселесі қалай шешілмек? Ит асыраумен 15 жылдай айналысқан Сұлтан Ибрагимов бұл іске салмақпен қарау керегін айтты.

«Қазақстан бойынша экспедиция жасау керек. Ауыл-ауылды аралап, малшылардағы бұрыннан сақталған қандарды қарап, соларды алып үлкен питомник жасау керек. Үлкен іс атқарып, ДНК-сын алу қажет», – деді  сарапшы Сұлтан Ибрагимов.

Жиналған алматылықтардың итін арнайы мамандар тексеріп, тіркеп шықты. Тазы мен төбет қатарына жатқан төрт аяқтыларды баптау әдісімен де танысты.

Айта кетсек, қазақы тазы мен төбетті сақтауға қатысты мәселені мемлекет басшысы да көтеріп, Президенттің іс басқармасына осы жұмысты қолға алуды тапсырған. "Қансонар" республикалық қауымдастығының дерегінше, әзірге ел бойынша 318 тазы және 57 төбет тіркеуде бар.

Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы