Бұл іс бойынша соңғы сот отырысы былтыр жаз айында өткен
«Бэк эйр» компаниясына тиесілі ұшақ құлаған жерді заңсыз сатты деген айыппен Талғар ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен риелтор жауапқа тартылуда. Бір жыл бұрын Гүлдала елді мекенінде апатқа ұшыраған ұшақ әуежай маңындағы жекеменшік үйлердің бірін соғып тоқтаған еді. Ал, ол үйлер ол жерге қалай салынды? Жерді кім сатты? Бүгін Алматы облысында болған сот отырысы жайлы Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Бұл іс бойынша соңғы сот отырысы былтыр жаз айында өткен. Бірақ сот төрағасы айыптау актісін қайта құру мақсатында істі прокуратураға жолдаған болатын. Содан бері тергеу амалдары жүргізіліп, ұшақ құлаған аймақ заңсыз сатылғаны анықталған. Бүгінгі сот отырысында сол жерді заңсыз сатуға қатысы бар деген Талғар аудандық әкімдігінің бұрынғы шенеуніктері мен риелтор жауапқа тартылып жатыр. Оларға өз қызметін асыра сілтеп пайдаланған және алаяқтық жасау арқылы бөтен мүлікті иемденген деген айып тағылып отыр. Сот отырысына тергеу изоляторынан бейнебайланыс арқылы қатысқан Нұрайым Алданыш қазіргі уақытта қамауға алынған жалғыз айыпталушы. Бірақ оның қорғаушысы өз сөзін бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішінен бастады.
«Барлық айыпталушылар тергеу изоляторынан тыс жерде. Яғни, олар қазір тергеу изоляторынан емес, өздері тікелей сот отырысына қатысуда. Тек менің қорауымдағы азаматша ғана кінәсін мойындамағаны үшін уақытша қамауда», – деді Н. Алданыштің қорғаушысы Азамат Байкенов.
Алайда мемлекеттік айыптаушы Нұрайым Алданыш куәгерлер мен қылмыстық істің басқа қатысушыларына қысым көрсетіп, оларды қажетті айғақтар беруге көндірді деп санайды. Прокурор риэлтор іс материалдарымен таныспағанын айтып, сот процесін әдейі кідіртіп отыр деген пікірде.
«Алданыш Нұрайым алаяқтық жасады. Яғни, бірнеше адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет ірі мөлшерде өзге мүлікке құқық алған. Сондай-ақ, алдау және сенімге қиянат жасау жолымен жалпы сомасы 8 миллион 382 мың теңге болатын бөтен мүлікті жымқырған», – деді мемлекеттік айыптаушы Жарқын Қаптағаев.
Бүгінгі сот отырысында сотталушыларға жаңа баптар бойынша бірнеше айып тағылды. Айыптау актісі жарияланғаннан кейін сот жәбірленуші тарап өкілінің сөзін тыңдауға тырысты. Алайда бұл тарап жауап беруге дайын болмай шықты.
Оқиға болған жерден:
(Судья жәбірленуші тараптың өкіліне ескерту жасайды).
- Жәбірленуші тарап, сізге тағы да ескерту жасалды. Түсінікті ме, сізге?
- Жақсы.
- Сот отырысына дайындықпен келу керек. Оның үстіне екі рет кейінге қалдырылды. Түсінікті ме, сізге?
- Түсінікті.
Жер учаскелерін заңсыз сату және алаяқтық туралы қылмыстық іс бойынша келесі сот отырысы 18 қаңтарда өтеді. Еске сала кетейік, Алматы облысында 2019 жылы «Бек Эйр» авиакомпаниясына тиесілі әуе кемесі құлаған болатын. Нәтижесінде 12 адам қайтыс болып, жолаушылардың көбісі зардап шеккен еді.
Аяулым Көлжігіт, Дияс Махамбетов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы