Қыруар қаржы қайда кеткені белгісіз – елорда іргесіндегі ауыл халқының жанайқайы

04.02.2022 в 01:38

Тұрғындар енді жауапты мамандар жұмысын дұрыс атқармаса, сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр

Азынаған мектеп. Жарық пен су тапшылығы. Ойқы-шойқы жолдар. Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының тұрғындары арнамызға қордаланған мәселелерін айтып шағымданды. 2019 жылы мектептің жөндеу жұмыстарына жұмсалған 168 миллион теңге игерілмей отыр дейді. Тұрғындар ауылымызға бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді, алайда оның игілігін көріп отырған жоқпыз деп наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

           

Бұл – елорда іргесіндегі ауыл халқының жанайқайы. Олардың айтуынша, 2020 жылдан бері мектепте жылу жоқ. Балалар сабақта күртешемен отырады. Тек тексеретін адамдар келгенде ғана өтірік жеңіл киіндіріп қояды дейді. Мадина Ибраева – көпбалалы ана. 3 баласы осы мектепте білім алады. Қазір суықтан олардың сүйегі қақсайтынын айтады. 2019 жылы мектептің жөндеу жұмыстарына бөлінген 168 миллион теңге желге кетті деп налып отыр. Бір ғана жертөленің өзіне 50 миллион теңге бөлінген екен.

«Жөндеу жұмыстарында олар терезені ауыстыруы керек еді. Бірақ ауыстырмаған. Мысалы, 2 жыл бұрын мектептің жертөлесі суға толды. Сол кезде «фундаментке де жөндеу жұмыстары керек» деп айтқанбыз. Бірақ олар оны да істемеді. Бізге мектептің әдемі көрінгені керек емес. Олар барлық ақшаны тек мектепті бояуға кетірген. Қазір балаларымыз сол үшін тоңып отыр», - дейді Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының тұрғыны Мадина Ибраева.

Мұндағы 1200 оқушысы, 100 мұғалімі бар жалғыз мектеп осы. Қазір бұл ауылда екінші мектеп салынып жатыр екен. Бірақ оның да сапасы сын көтермейді дейді тұрғындар.

Ауылдың мәселесі мұнымен бітпейді. Жарық, жол, судың жоқтығынан мына үйлер бос тұр. Халық «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киіп отырмыз дейді. Жылда уәде береді, бірақ орындалмайды дегенді алға тартады. Ауылда соңғы санақ бойынша 10 500 адам, ал бейресми түрде 25 мыңнан аса адам тұрады. Одан қалса, жекеменшік компания тұрғындарға жарықты 3 есе қымбатқа сатып отырған көрінеді.

«Суға қатысты құбырлар тартылды. Тартып болғаннан кейін ғана суды алатын сораптық станцияның жоқтығы есіне түсті. Құбыр, бәрі тартылған, ақша бөлінген. Құдықтар іске аспай жатып, бұзылып жатыр. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ оның бәрі жүзеге аспайды. Кімнің қалтасына, қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Біз кімнің әрекетіне шағым келтіреміз, сол адамның жауабымен тексеруші органдар алады да, бізге жауап береді. Жоғарғы жақтан басшылар келгенде, солардың көзінше бәрі бар, бәрі істеліп жатқандай кейіп танытады. Олар кеткеннен кейін қайтадан «Дайрабайдың қасқа сиырының» әңгімесі болады», - дейді Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының тағы бір тұрғыны Әлібек Алмабаев. 

Ал Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев жол салу бойынша 3 жоба іске асырылып жатыр деп сендірді. Одан бөлек, су мен жарықтың мәселесі қаралуда, жақын арада ол да шешіледі дейді. Мектепті жөндеуге 168 миллион теңге бөлініп, ол ақшаның игерілмей қалғанын да растап отыр. Қазір құқық қорғау органдарымен бұған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ал мектепті жылыту бойынша Білім басқармасымен келіссөздер жүргізілуде. Сондықтан келешекте тағы да бюджеттен ақша бөлінуі мүмкін деді облыс әкімінің орынбасары.

«Жібек жолы ауылында қазіргі уақытта 3 жоба іске асырылуда. Оның біреуінде меңгерушісі өткен жылы 2021 жылы аяқтау керек еді. Бірақ ол бүгінгі уақытта аяқтаған жоқ. Қазіргі уақытта келісімшартқа отырды. Осы жылы бір жобаға 1 млрд теңгеден астам қаражат берді. 15-20 километрден асфальт салу ойда бар. Бір жобаға 5 млрд теңге, екіншісіне 1,5 млрд теңге кетеді», - деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев.

Құр уәдеден шаршаған Жібек жолы ауылының халқы мәселеміз шешілмесе, Президентке тағы да хат жазамыз дейді. Жауапты мамандар жұмысын дұрыс атқармаса, сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Ақмола облысынан