Сертіне берік, антына адал жандар. Қасіретті қаңтар кезінде Ұлттық ұланның фельдшерлері мен дәрігерлері жауынгерлерге алғашқы көмек көрсетті. Тіпті оқиға орнына барып, сарбаздардың жараларын таңып жүргенде, өздері де соққыға жығылыпты. Almaty.tv тілшісі әскери борышын абыроймен өтеп жүрген медициналық құраммен тілдесіп қайтқан еді.
Ұлттық ұланның Оңтүстік Өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің медпунктінде жұмыс істейтін 10-нан аса фельдшер елде жаппай тәртіпсіздік болған уақытта оқиға орнына барып, зардап шеккен сарбаздарға алғашқы көмек көрсеткен. Ал осында қалған медицина қызметкерлері бас жарақатын алып, аяқ-қолы сынған 60-қа жуық сарбазды қабылдаған.
Гүлзат Халилқызы 15 жылдан бері Ұлттық ұланда аға санитарлық нұсқаушы болып қызмет етеді. Өзі 6 баланың анасы. Алматыда жаппай тәртіпсіздік басталғанда үй-жайына қарамастан, міндетіне кіріседі. Әсіресе, дәрігерлік құрамдағы фельдшерлердің еңбегі зор дейді маман. Оқиға орнында жаралы сарбаздарға көмектесіп жүргенде, өздері де соққыға жығылып, өлім аузынан аман қалған. Бірақ еш саспастан, әскери борышын абыроймен өтепті.
«Әскери фельдшерлер жеке құраммен барып, медициналық алғашқы көмектерін көрсете білді. Өздері де әр түрлі дене жарақатын алды. Тас тиді, балаларды ұрды. Жігіттерді де, қыздарды да аяған жоқ. Жарақат алған қыздар болды. Бірақ барлығы алған жарақаттарына қарамай, жеке құрамға медициналық көмек көрсетті. Шыдамдылық, төзімділік танытты», - деді ҚР Ұлттық ұланның аға санитарлық нұсқаушысы Гүлзат Исекова.
Сол уақытта жалпы еліміз бойынша Ұлттық ұланның 400-ге жуық жауынгері медициналық көмекке жүгінген. Соның ішінде Алматы қаласында 209 сарбаз түрлі жарақат алыпты.
«Маған тас лақтырды. Қолдарында темір, арматура, басқа да суық қарулар болды. Сол кезде тас лақтырған уақытта тас аяғыма тиді. Жақсы адамдар да бар екен. «Сарбаздарды ұрмаңдар, тиіспеңдер» деп көлікке мінгізіп жіберді. Қасымдағы жолдастарым менен де қатты жарақат алды. Мен солардың ішінен жеңілірек жарақат алған сияқтымын», - дейді қатардағы жауынгер Әмірхан Жәумитбаев.
Ұлттық Ұлан жауынгерлерінен өзге, көмекке жүгінген қарапайым халық пен Қорғаныс министрлігінің әскеріне, өрт сөндірушілерге де медициналық жәрдем бердік дейді аға санитарлық нұсқаушы. Бүгінде сарбаздардың көпшілігі ем қабылдап, жазылып шыққан. Ал ауыр жарақат алған 2 жауынгер әлі де дәрігерлердің бақылауында алынған.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы