Соңғы кездері ата-анасын сабау жағдайлары жиілеп кетті. Анасын таяқтың астына алып, әкесіне жұдырық ала жүгіретін балалардың жауыздық әрекеті әлеуметтік желілерде көптеп жариялана бастады. Бұл ұлтымыз үшін жат дүние, әрине. Алайда ата-ананың перзентінен теперіш көруіне не түрткі? Бұған кім кінәлі? Жаһанданған заман ба, қатігездік көбейген қоғам ба? Әлде әке-шеше тәрбиесінің әлсіздігінен бе? Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай жауап іздеп көрді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Шымкентте қарт ананы қыздары мен күйеу балалары үй үшін ұрып тастаған.
Ал, мынау Түркістан қаласында түсірілген видео. Үйінде ер адамның анасына қол шығарып, балағаттап, артынан оны үйдің қабырғасына тіреп тұрып ұрғанын көруге болады
Бұл Петропавлда түсірілген. Ашуға булыққан әйел қарт анасын есікті іліп алғаны үшін ғана соққыға жығып, ұрысып жатыр. Туған балаларынан таяқ жеген қайран аналарымыз түн ұйқысын не үшін төрт бөлген деп қаласың. Бірақ психолог Ғалияш Махаш «Не ексең, соны орасың», – дейді. Себебі перзенттеріндегі мұндай ашу мен жауыздықты ата-аналар өздері оятатынын айтады.
«Яғни, сіз отбасында бала тәрбиелеп отырғанда айтатын әңгімелеріңіз тек материалдық нәрсе болатын болса, материалдық дүниеге бола әйелі мен күйеуі айқайласатын болса, материалдық дүние өмірдегі маңызды нәрсе екен үйретесіз. Әкеден де, бауырдан да, басқадан да. Одан кейін сіз қартайған кезде, маған мейірім бер деп айтпай-ақ қойыңыз», – деді психолог Ғалияш Махаш.
Қоғам белсендісі Самат Нұртазаның сөзінше, ата-анасына қол көтеру бұрын болмаған, тек кейін пайда болған келеңсіздік деген жалған сөз. Бұрын тек интернет болмағанын айтады.
«Қазақ мектебін бітірген балалар мен орыс мектебін бітірген балалардың өмірлік көзқарасы әртүрлі. Қазақи тәрбиеленген бала ата-анасына ренжіуі мүмкін, ашулануы мүмкін. Бірақ та ол қол көтермейді. Ал енді ата-анаға қол көтеру, менің ойымша, батыстан келген ашықтық, демократия, өз пікірін қорғау деген сияқты желеумен келді. Ол жаңағы ары қарай осылай анайы қадамдарға ауысып кетеді», – деді қоғам белсендісі Самат Нұртаза .
Ал, айтыскер ақын, ұстаз Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, осындай отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңдарды күшейтіп, қайта қарау керек. Десе де соңғы уақытта қызу талқыға түскен жаңа заң жобасы қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ондай пікірталастың болуы орынды екенін айтады
«Бұл дұрыс. Бұл біздің ұлттық иммунитетіміз бар деген сөз. Яғни, оның шет жағасын көрді. Бұрында байқалмай қабылданып кеткен заңдар бар шығар, оларды да қазір шығарып, қайтадан қарап жатқан жағдайымыз бар. Бұл дұрыс нәрсе деп ойлаймын. Негізі заңды біз қоғам болып талқылауымыз керек. Тек парламентке, басқа ға сеніп отыруға болмайды», – деді айтыскер, ақын Серікзат Дүйсенғазы.
Мамандардың сөзінше, ата-анасын сабау – ұлттық тәрбиенің төмендегені. Адами құндылықтардың жойылып бара жатқанының көрінісі. Егер бұған қазірден назар салмасақ, отбасындағы зорлық-зомбылық арта бермек.
Қаламқас Нысанбай