Ұлық мейрамның атмосферасы жұрттың жүзінен-ақ байқалады
Тәуелсіз Қазақ елі - ата-баба арманы, ұл мен қыздың қорғаны. Қадамы қарышты, әлемге аты танылып үлгерген мемлекеттің егемендігі ел үшін баға жетпес қымбаты. Ал, қастерлі күнді қадірлеу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Дәл осында қол жеткен жеңіс жұрттың жадынан ешқашан өшпек емес. Тәуелсіздік деген бір ғана сөз елдің егемендігін ғана білдірмейді. Еңсеңді көтеріп, кеудеңді керіп жүруге-ақ рух беретін ұғым, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қалың қазақ қастер тұтатын Тәуелсіздік мерекесін тойлау елде ерте басталды. Алматыда ұлық мейрамның атмосферасы жұрттың жүзінен-ақ байқалады. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен ел егемендіктің қадірін жақсы біледі. Сондықтан да әр азаматтың бойында бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, өзіне деген сенімділік сезіліп-ақ тұр. Тамырын тереңге тартып, тарих көшінде қалған күндердің жеңісі бүгінде жемісті заманға айналды.
«Тәуелсіздіктің жемісі - ол мемлекетте аман есен тұрып жатқанымыз. Ешқандай соғыссыз. Еліміз аман жұртымыз тыныш тұрып жатырмыз. Ал, жеңісі - осы 30 жылдың ішінде осындай мемлекеттік құрғандығым деп ойлаймын», - деді тұрғын.
«Көңіл-күй өте керемет. Өйткені сен нағыз мейрам кезінде сезінесің ешкімге тәуелсіз екеніңді, ешкімге жалтақтамайтыныңды. Яғни, ертенгі күніңе үмітпен қарайсыңда болашаққа. Өйткені осында елде тұрып жатсаң, осындай қалада тұрып жатсың. Солардың барлығы қуаныш сыйлайды әрине. Бәрімізге ұнайды», - деді қала тұрғыны қуанышын жасырмай.
Ал, алматылықтардың жүзі жаз, көңіл-күйлері тамаша. Қала көшелерінде шалқып басып, сырласқан көпшілік көп. Олар мейрам кезінде болатын мерекелік кештер мен түрлі шараларға барынша куә болуға тырысамыз дейді.
«4 күн демалыс берді, қыдырып жүрміз. Сонымен алаңға келдік. Жәрмеңке болып жатыр міне, өте қуаныштамыз», - деді қала тұрғыны.
«Көңіл-күйім керемет. Осы күнге жеткеніміз ата-бабамыздың арқасы. Жастарға патриоттық сезім тілеймін. Қалғаны уақытымен келер. Ең бірінші иман болса. «Отанды сүю – иманнан» дейді ғой. Жастарға ең бірінші иман тілеймін», - деді келесі бір тұрғын.
Егемендік - ең асыл мұрат. Ал, асылды ардақтау ұлттың ұлылығын көрсетеді. Демалыс деп арқаны кеңге салмай, мәртебесі биік мейрамда мұқым елге тілек жаудырып жатыр. Елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы. Бәрінің де басты тілегі осы. Бейбіт елде өмір сүрген халықтың қашанда бақытты күн кешері анық дүние.
Ал, ертеңнен бастап Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері барша отандастарға құттықтау жолдамақ. Арнайы дайындалған ролик қаладағы қоғамдық көліктердің барлығында көрсетілетін болады. Өйткені, елдің тұтастығы мен бірлігі барлық ұлт пен ұлыстың ынтымағында жатыр.
Азаттық деген не десең,
Арманы елдің жайдары.
Кеңеюі үшін керегең
Кеңескен баба ойлары
Азаттық қымбат - соны ұқтың,
Ортақ ол жасқа, кәріге.
Әлемде әрбір халықтың
Азаттық қымбат бәріне.
Үмбетәлі Меймеш, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы