Аудан әкімінің айтуынша, құрылыс компаниясының жұмысы жергілікті биліктің бақылауында болады
Елорда халқы жаңа тұрғын үй кешенінің салынуына қарсы. Алайда бұл құрылысқа байланысты халық екі түрлі пікір айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірі құрылыстың жұмысын қолдаса, бірі көп қабатты ғимараттың пайда болуы тұрғын үй ауласын тарылтып, көлік пен адам жүруіне ыңғайсыздық тудырады дейді. Бұл - Бөгенбай көшесінде орналасқан бірнеше үй тұрғындарының жанайқайы. Олар 2010 жылғы бас жоспар бойынша үйдің қасына саябақ салынуы тиіс еді, енді орнына жаңа тұрғын үй салынатын болды деп шағым айтты.
«Мен сайтқа екі петиция салдым. Бірақ оларды модераторлар шығарған жоқ. Белсенді топ та хат жазды. Өзім де соған куәгер болдым», – деді қала тұрғыны Жазира Ысқақова.
Көпқабатты бірнеше тұрғын үй бір-біріне тығыз орналасқан. Әр үйде шамамен 400-ге жуық пәтер бар. Көлік қоятын арнайы тұрақ та жоқ көрінеді. Салдарынан балалар да емін-еркін ойнай алмайды. Осы аудандағы балалар бір мектепке баруға мәжбүр.
«Мектепте сыныпта 30 баладан артық. Қандай білім болады? Енді тағы үй салайын деп жатыр. Әкімдіктен келген адам ештеңе білмейді», – деді қала тұрғыны Алма Байлинова.
Ал құрылыс компаниясының өкілі құжат дұрыс, заң жүзінде істеліп жатыр дегенді алға тартты. Істі бастамай тұрып, осы аймақтағы 7 жер үйді сатып алуға 1 миллиард 400 мың теңге кетті деген ол тұрғындар айтқан саябақ салынады деп сендірді.
«Біз 9 қабатты тұрғын үй саламыз. Құжаттың бәрі дұрыс. 2018 жылы жобасын жасап, тиісті мекемелерден рұқсат алып, құрылысты бастадық», – дейді құрылыс компаниясының өкілі Ернар Қалымбеков.
Аудан әкімінің айтуынша, саябақ пен футбол алаңын саламыз деп уәде берген құрылыс компаниясының жұмысы жергілікті биліктің бақылауында болады.
«Батыр» және «Гармония» тұрғын үй кешеніне жақын жерде футбол алаңының құрылысы басталады. Сол аймақта абаттандыру жұмысы жүргізіледі», – деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Еркін Құрман.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, мұнда жақын арада тұрғындардың демалуы үшін қолайлы жағдайлар жасалады және қолданыстағы балалар алаңдары жөнделеді.
Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан