Каспий теңізі неге тартылып барады

03.02.2024 00:57

Суды үнемдеу технологиясына көшу қажет

Victor Glutsenko

Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп барады. Атырау облысындағы балық шаруашылығы тұралап қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2006 жылдан бері Каспий теңізі тартылып келеді. Алаңдатарлық жағдайға өңірдегі сарапшылар су қоймасының таяздануы климаттың өзгеруімен байланысты дейді. Бұл – ауа температурасының жоғарылауы, жауын-шашынның болмауы және Жайық пен Еділ өзендері ағынының төмендеуі. Ғалымдар қордаланып қалған мәселе мемлекеттік емес, халықаралық деңгейде қозғалуы тиіс деп санайды.

- Каспий маңындағы мемлекеттердің үкіметтері келіссөз жүргізіп, ағынды сулардың мәселесін шешуі керек. Өйткені қазір Еділ мен Орал да азайып келеді. Трансшекаралық жоғарғы ағыстар Ресей Федерациясына тиесілі. Оның үстіне, қазір көптеген гидротехникалық құрылыстар салынып жатыр. Мұның бәрі ауылшаруашылық мақсаттары үшін пайдаланатын су қоймалары саналады. Осы факторларды ескеріп, бір келісімге келуіміз керек. Каспийдің деңгейінен төмендеуі Қазақстанға ғана емес, теңіз маңындағы басқа елдерге де үлкен әсерін тигізеді, - дейді Физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Ізтілеу.

Экологтардың айтуынша, Каспий теңізіне судың 80 пайыздан астамын Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін Еділ өзені әкеледі. Жайық өзенінің құяр мөлшері  2 проценттен аспайды, бірақ соған қарамастан су қоймасы Каспий теңізінің балық ресурсының өнімділігінде маңызды рөл атқарады.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың институт құрылу жөнінде қаулысы бар. Ол ғылыми институт құрылды. Бұл өте жақсы хабар. Сол институт жұмыс істеу керек. Біздің Атырауда да филиалдар ашылады. Каспийдың жағалауында бес мемлекет бар. Сол бес мемлекет те бұған дейін жұмыс істеген жоқ, - дейді Экономика ғылымдарының кандидаты Болат Қужиев.

Ғалымдар Каспий құрғап кетпес үшін суды үнемдеуге баса мән беру қажет екенін айтады. Әрі халық арасында су тұтыну мәдениетін де жиі насихаттаған жөн. Ал Президент тапсырмасы жүзеге асса, Каспий маңы елдері ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге мүмкіндік туады.

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды