Астана-Дубай: Жолаушылар әуе компанияның салғырттығына наразы

27.09.2022 00:57

Олар жексенбі таңғы 5:30-да ұшуы керек болған

Almaty.tv


Астанадан 166 жолаушы Дубайға ұша алмай қалды. Рейстің қайта-қайта ауысқанынан әбден зығыры шыққан халық әуе компанияның салғырттығына наразы. Жолаушылар 1 тәуліктен аса әуежайда тұрақтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жолаушылар жексенбі таңғы 5:30-да ұшуы керек болған. Алайда рейс алғашқыда жарты сағатқа, кейін 2-3 сағатқа кешіктіріліпті. Таңнан тік жүріп, сарыла тосқан халық әуе компаниясынан нақты жауап ала алмаған.

«Бізге сағат 8:00-8:30-да ұшады деп келді. Күттік, шыдап отырдық. Одан кейін тағы созылды. Біз үлкендер шыдаймыз. Кішкентай балалар бар ғой арамызда. Оларға обал емес пе? Не компания өкілі келіп, бір нақты жауап айтпады. Кімнен не сұрарымызды білмедік. Арада 6 сағаттан аса уақыт өтіп, жұрт шулаған соң ғана Көлік прокуратурасы мен желілік полиция өкілдері келді. Онда да құр су ғана әкеп берді. Не ыстық тамақ жоқ, не еш жерге орналастырмады. Кемшіліктің орнын толтыру жөнінде арыз жаздық», – деді жолаушы.

Әуе компания ұшағымен 166 жолаушы ұшуы тиіс болған. Олардың 70%-ы еліміздің басқа өңірлерінен келіпті. Таңбозынан әуежайды тұрақ еткен азаматтарға компания тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген. Тек техникалық ақау салдарынан кешігіп жатыр деп ақталыпты. Заңнама талабы бойынша әуе рейсі 2 сағаттан артық кешіксе, көмек көрсетілуі керек

«ҚР Заңнамаға сәйкес рейс әуекомпания кінәсімен кешіккен жағдайда олар тиісті қызмет түрін ұсыну керек. 2 сағаттан артық болса салқын сусындар, 4 сағат артық болса ыстық тамақ, түңгі уақытта 6 сағаттан артық болса қонақ үй, кері әуежайға қарай көлік ұсыну қажет. Аталған қызмет түрі ұсынылмаған жағдайда әуекомпания жауапкершілікке тартылатын болады», – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы Әділет Көбенов.

1 тәуліктен аса кешіктірілген рейс бүгін түскі 14:00 шамасында Дубайға бағыт алды. Ал туындаған жағдайға қатысты әуе компания жауап бермеді.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан