«Пайдакүнемдер үшін нағыз май шелпек»: «Алтын Орда» базарында тағы шу шықты

 Almaty.tv
Almaty.tv
800-дей кәсіпкер қаражат құйған сауда орны әлі ашылмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз май шелпекке айналды». Президент дәл осылай деп сипаттаған «Алтын Орда» базарында тағы шу шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

800-дей кәсіпкер қаражат құйған сауда орны әлі ашылмаған. Одан бөлек, базар әкімшілігінің аяқ асты ауысқаны мәселені одан әрі ушықтырған көрінеді. «Жаңа нысан ашылғанша тауармен ары-бері көшіп, берекеміз кетті» деген кәсіпкерлер құрылысы бітпеген сауда кешенінен орын сатып алған. Олардың айтуынша, базардың жаңа әкімшілігі аумағы 30 мың шаршы метр болатын нысан саудагерлерге берілмейді.  

«Амалсыздан бар ақшамызды жинап, осы жерден 12 мың доллардан 2 орын алдым. 20 мың долларды қолма-қол бердім, қалған 4 мыңын бөліп төлеуім керек еді», – деді саудагер Гүлбану Татыбаева.

Екі қабатты сауда орталығының құрылысы 2 жыл бұрын басталған. Ал оған саудагерлер бірігіп жинаған 4 миллиард теңге жұмсалған.

«Бас прокуратура тарапынан бізде 2 ай тексеру болды. Соған байланысты жұмыстың режимі шегерілді. Осы мамырда біту керек болған, бірақ осындай себептермен құрылыс жұмысы тоқтап қалды», – деді «Алтын Орда» базары бұрынғы әкімшілігінің өкілі Дәулетжан Дименбаев.

Базардың бұрынғы әкімшілік өкілінің сөзінше, құрылтайшы 21 сәуірде ауысқан. Ал базардың жаңа басшылығы құрылыс жұмысының 90 пайызға дейін аяқталғанын алға тартып, сауда кешенінің жұмысы жуырда басталатынын айтты. Кәсіпкерлерге орын берілмейді деген сыбысты жоққа шығарды.

«Бұл - провокация. Ондай нәрсе болмайды. Бұл жерде халықтың еш кінәсі жоқ. Халық тіршілік етем деп сауда орнын алды, біз береміз. 1,5 айда аяқтап, кешенді ашамыз», – деді «Алтын Орда» базары әкімшілігінің басшысы Ермек Марқабаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Алтын Орда» базарының мәселесіне тоқталып, тәртіп орнатуды тапсырған болатын.  

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров