Тұрғын үй ауласындағы қарды кім тазартады

Almaty.tv
Almaty.tv
Ғимарат шатырына қатқан мұз сүңгілері қауіп төндіріп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ғимарат шатырына қатқан мұз сүңгілері қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда соңғы бір аптада қалың қар жауып, ауа-райы құбылып тұр. Еріген қар суы ғимарат жиегіне қатып, өткен-кеткеннің зәресін алады. Салмағы ауыр мұз оқыс құласа кімді болмасын жазатайым жағдайға ұшыратары сөзсіз.

Ержан Меңдібаев 20 жылдан астам уақыт аула тазалайды. Оның айтуынша, қазіргідей күн райы бұзылып, қалың қар жауса, жұмыс жүктемесі көбейеді. Көпқабатты тұрғын үй шатырында қатқан мұзды ойып түсіру үшін кей жағдайда пәтерлерге кіруге тура келеді дейді. Алайда, мұндай жағдайда тұрғындар арасында түсініспеушілік танытып, жанжал шығаратындар да кездесетін көрінеді.

«Коронавирустан кейін қазір көбісі үйіне кіргізбейді. Жолатқызбайды, есік ашпайды. Қар қалай тоқтайды, солай жұмысқа шығамын. Түнгі сағат 1:00-де тоқтаса, 1:00-де шығамын. 10 үйдің ауласын 4 сағатта тазалап шығамын», – деді жұмысшы Ержан Меңдібаев

Ғимарат жиегіндегі қауіп төндіріп тұрған сояудай мұз арнайы техниканың көмегімен алынады екен. Қазір қалада суықтың беті қайтып, күн жылынғалы төбегеді мұздар өздігінен еріп құлап жатыр. Оны ПИК уақытында тазалау керек.  Десе де аудан әкімінің коммуналдық шаруашылыққа жауапты мамандары қауіпті жағдайдың алдын-алу жұмысын жіті бақылап отырғанын айтты.

«Жалпы 570 көпқабатты тұрғын үйдің 141 ауласында 4 мердігер ұйымымыз ауланы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 5 қабатты Қалқамандағы тазалай алмаған үйлерде міндетті түрде ПИК тапсырамыз. Қауіпті жерлерге лента қоямыз. Мұздың құлағанын күтпей оны құлату жұмыстары жүргізіледі», – деді Наурызбай ауданы коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Фархад Жаңбыров.

Бұған дейін жыл он екі ай тұрғын үйлердің ауласын тазалау жұмысына ПИК жауапты болған еді. Тиісінше, жұмыскерлердің айлық жалақасы тұрғындар тарапынан жиналатын қаржы есебінен төленіп келген. Қала әкімінің ұйғарымына сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап, ауланы күтіп ұстау жұмысы әкімдік қарамағына өтті. Бұдан былай, бұл жұмыс мердігер компания өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Мұндай әдіс тұрғындар үшін де, әкімдік бөлетін қаржы тұрғысынан да тиімді көрінеді.

Ұлағат Санақұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров