Қаладағы былтыр ғана төселген асфальтты жолдардан ақау шығып, басым бөлігі опырылып кеткен
Алматыда сапасыз жасалған тротуарларға қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені, былтыр ғана төселген асфальттан ақау шығып, басым бөлігі опырылып кеткен. Жауапты басқарма бұған ауа райының тосын мінезі себеп болып отыр дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының Қабанбай батыр көшесіндегі бүлінген тротуарды мердігерлердің жасаған сыйқы осы. Қытымыр қысқа шыдамай, опырылып кеткен асфальтты бітеген сыңайлы. Бірақ салақтығы көзге ұрып тұр. Мұндай сапасыз жасалған жүргіншілер жолы Құрманғазы көшесінде де байқалды. Ерінген жұмысшылар жарық пен шұңқырдың кей жерін жамаса, кей тұсын мүлдем ұмыт қалдырған. Дегенмен, мердігерлер ақаудың барлығын 21 наурызға дейін реттейміз деп ақталып отыр.
«Ақаулар көбінесе қыстан соң пайда болады. Ауа райыны құбылуы, температура өзгерісі және суық асфальттың опырылуына әкеліп соғады. Сол сияқты, күн күрт ысып кетсе де жөндеген жеріміз бүлініп жатады. Біз мердігерлер жасаған жұмысымызға 3 жыл кепілдік береміз. Сол үш жылда ақаулар шықса, оны өз ақшамыздан қалыпқа келтіреміз», – деді мердігер компания өкілі Юрий ЧЖЕН.
Былтыр қалада 37 шақырымнан астам тротуар төселген болса, оның біраз жері жыл толмай бүлініп, опырылып қалған. Қазір мамандар әлеуметтік желі мен тұрғындардың шағымы арқылы ақау шыққан жерлерді анықтап жатыр. Мамандардың сөзінше, сапасыз жасалып, асфальты жарылған жүргіншілер жолы әсіресе Алмалы ауданында өте көп. Сондықтан мердігерлерге жолдарды күн-түн демей қайта жөндеу тапсырылған. Жалпы, биыл Алматыда 35 шақырымнан астам тротуар жаңартылмақ.
«Мердігерлер жұмыстарына немқұрайлы қарап, жолдарды сапасыз жасаса, біз олармен байланысымызды үземіз. Егер олардың тарапынан олқылықтар байқалса, сотқа беріп, сот арқылы лицензиясынан айырамыз. Тіпті, айыппұл да арқалайды», – деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.
Қазір жұмысшылар Шәріпов көшесіндегі опырылып қалған тротуарды қопарып, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал мұндағы ескі асфальт жабындысының сапасы қаншалықты жоғары немесе төмен болғанын біз арнайы лабораторияға апарып тексеріп көреміз.
Зертхана мамандары біз әкелген асфальттың кесектерін қабылдап алды. Бірақ мұндай кесек арқылы төсеменің тек құрамын ғана анықтауға болатынын алға тартты.
Сондықтан олар ертең барып біз көрсеткен мекенжайдан өздерінің құрылғыларымен асфальтты ойып алады. Сол арқылы жолдың тығыздығын, құрамын түгелдей анықтайтын болады. Ал сараптама қорытындысы 2 аптадан соң белгілі болады.
Талай жылдан бері тас жолды зерттеп жүрген мамандардың пайымынша, Алматының көшелері мен тротуарларына төселіп жатқан асфальттың сапасы өте жоғары. Тек олардың уақыты жетпей опырылып кетуіне, жұмысшылардың олақтығы мен қолайсыз ауа райында төселуі себеп болып отыр.
«Асфальтты суық кезде – 8- 10 градустан төмен жағдайда, жаңбыр кезінде салуға болмайды. Сондай-ақ, зауыттан әкелген кезде температурасы төмен болған асфальт та дұрыс жатпайды. Асфальтты төсейтін техникалардың да өз талаптары бар. Соларды дұрыс сақтамағандықтан асфальт жолда көп шыдас бермей, жарылып кетеді», – деді «Алматықалалықжол зертханасы» РМК басшысы Өмірзақ ЕРЕМБАЕВ.
Сарапшылар Алматыда жаңбырмен жарысып асфальт төсейтін мердігерлерді сынға алды. Айтуларынша, асфальттың бірінші жауы – су. Сондықтан, мұндай күні жол жөндеу жұмыстарын тыя тұрған абзал. Әйтпесе, еңбек еш кетіп, көп ұзамай жөнделген жердің қайта астаң-кестеңі шығады.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы