Тараз локомотив жөндеу депо қызметкерлерінің талабы қалай шешілді

14.12.2022 03:01

Жиналған жұмысшылар жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етті

Almaty.tv.

«Күніне 12 сағат жұмыс істеп, айына 70 мың теңге жалақы аламыз». Бұл - Тараз локомотив жөндеу депо қызметкерлерінің жан айқайы. Аталған мекеменің қызметкерлері бүгін жұмысқа шығудан бас тартып, басшылыққа талаптарын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиналған жұмысшылар жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етті. Олардың айтуынша, мекемеде еңбек тәртібі сақталмайды, ал сыйақы атымен жоқ. Қаржылық қиындық әбден қытығына тиген қызметкерлер «өтінішімізге басшыллық құлақ асса» дейді.

«Ең төменгі айлық  70 мыңнан жоғары қарай басталады. Алды 40 жыл стажы бар Бердібек деген көкеміз 110-120 мың алады. Бала-шаға бар», – деді «Қамқор локомотив» ЖШС жұмысшысы Данияр Өмірбаев.

«Біздің қойған шартымызды істемей, біз жұмыс істемейміз. Жұмысты тоқтатамыз. Болды жетеді», – деді  «Қамқор Локомотив» ЖШС жұмысшысы Қайрат Есқараев.

«Директорға мәселені қанша рет айттық. Жағдайды айтқан жігіттердің бәрін жұмыстан шығарып жіберді», – деді  «Қамқор Локомотив» ЖШС жұмысшысы Бердібек Бименов.

Жұмысшылардың наразылығынан кейін серіктестік басшылары, жергілікті билік, прокуратура өкілдері мәжіліс залында кездесіп, кеңес өткізді. Қызметкерлерді сабырға шақырып, өз жұмыс орынына оралуды ұсынды.  

«Бас директорға айттым, түсіндірдім. Ол келесі жылғы бюджетке айлық көтеру мәселесін қарастырамыз деген. Қазір комиссия келіп, елге жағдайды түсіндіреді», – деді  «Қамқор Локомотив» ЖШС директоры Ілияс Лесбаев.

Қазір мәселеге қатысты жұмыс тобы құрылды. Локомотив құрылтайшылары мерекеге орай қызметкерлеріне айлық жалақы мөлшерінде сыйақы төленетініне уәде беріп отыр. Ал жұмыс ақысын көтеру мәселесін жұмыс тобы ұжым мүшелерімен бірге талқылайтын болды.

Жомарт Есқара, Исмаил Алтышев, «Алматы» телеарнасы