Ой шұқыры көп мұндай жолды ауданның кез келген жерінен кездестіруге болады
Алатау ауданына қарасты Боралдай шағынауаданында жол мәселесі өзекті. Әу баста облыс құрамында болған елдімекен 6 жыл бұрын ғана қалаға қосылған еді. Алайда аймақ тұрғындары асфальт жолдың қызығын әлі де көре алмай отырмыз дейді. Онымен қоса, көше шамдарының болмауынан ауданда үй тонау оқиғалары жиілеп кеткен. Қордаланған түйткілді аудан басшылығы қалай шешпек? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай айтып берсін.
Ой шұқыры көп мұндай жолды ауданның кез келген жерінен кездестіруге болады. Соның бірі орталықтағы Меруерт көшесі. Жаңбыр не қар жауса, тұрғындар көшеге резеңке етікпен шығуға мәжбүр. Жеңіл көлік те жиі батпаққа батып, жүре алмай қалады екен. Жұрт мәселені айтып бармаған жеріміз қалмады, деп налып отыр.
«Бүгін қар жауған соң, көшеміз жақсы болып тұр. Ал басқа кездері бұл маңай үнемі батпақ болып жатады. Жақын жерде зират бар. Адам қайтыс болса, тұрғындар көлігін көшенің басында қалдырып, өздері табытты жаяу көтеріп кетеді. Бірнеше шақырым жол ғой. Келген адамдардан ұяламыз», – деді қала тұрғыны Әнуар Мұсаев.
Жолдан үміт үзген тұрғындар өздерінің қаражаттарына көшелерді жөндеткен. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылмапты. Кәріз жүйесін орнатқан мердігерлік компания жап-жақсы жолдың тас-талқанын шығарған.
«Біз өзіміз осы жолды реттеп қойдық. Тұрғындар өз күшімен көшелерге тас төсеп, біраз аумақты қалпына келтірген еді. Өздеріңіз куә болып тұрғандай, жолымыз өте нашар. Көшенің соңында кәріз құбыры бар, полигон салынды. Барлық су сонда келеді. Біздің үйлерімізге кәріз жүргізілмеген», – деді қала тұрғыны Маржан Қайдарова.
Боралдайлықтардың мәселесі бұл ғана емес. Көшелерде жарықтың болмауы жергілікті тұр¬ғын¬да¬рды әбден әбігерге салған. Олардың айтуынша, мұнда ұрлық жиілеп, үй тонайтындар пайда болыпты. Бірақ жұрт бәрінен бұрын балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы.
Боралдай шағын ауданы қалаға 6 жыл бұрын қосылған. Бұрын облыстық Іле ауданының құрамында болыпты. Ықшамауданның барлық 23 көшесінде асфальт төселмеген. Әкімдік өкілдері тұрғындардың кем дегенде тағы 3 жыл күтуіне тура келеді дейді.
«Көшеаралық су мен канализацияны жүргізу бойынша энергетика басқармасынан қазір тек қана жобаны дайындау мәселесі қарастырылды. Өздеріңіз білесіздер, бірінші инженерлік желілер толық салынып бітпей, жол мәселесі салынбайды», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.
Көптен бері көңілі күпті болған жұртқа бір ғана жаңалық. Жергілікті әкімдік жыл соңына дейін шағын ауданда көше шамдарын орнатамыз деп уәде берді.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы