Алматыда жұмыссыз жастарға арналған «Акселератор» жобасы аясында 50 азамат 1 млн теңгелік мемлекеттік грантты иеленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл олардың өз кәсібін іске асыруына мүмкіндік бермек. Жобаға жұмыссыз мәртебесі бар мыңнан астам адам тіркелген. Олардың ішінен 100-і іріктеліп, 5 күн бойы «Jas Camp Almaty» жастар лагерінде білікті тәлімгерлер мен жаттықтырушылардың шеберлік сағатынан өткен. Қаржылай сертификатты Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев табыстап, жастарға сәттілік тіледі.
«Жобамды бес күн жазып, зерттеп, нақтылап, оны қорғадым. 1 млн грантқа ие болған жайым бар. Алматы қаласының әкімдігіне, Жастар саясаты басқармасына алғыс айтқым келеді. Жастарға мүмкіндік сыйлап, алға жүруімізге шабыт беріп, жоба арқылы кәсібімізді тағы да бір деңгейге көтеруге мүмкіндік берді деп айта аламын», – деді жас кәсіпкер Раушан Дәулетқызы
Қатысушылар кәсіпкерге қажетті дағды мен іс бастауды үйреніп, тәуелсіз өмірге бейімделуге, өз ойын жүзеге асыру әдетін қалыптастыруға мүмкіндік алды. Қала әкімдігі тарапынан жастарға, әсіресе жұмыссыз жүрген азаматтарға түрлі жоба жоспарланған.