Алматының Бағанашыл-2 ықшамауданындағы қоқыс алаңы алма бағына айналады

Алматының Бағанашыл-2 ықшамауданындағы қоқыс алаңы алма бағына айналады
Талай рет құзырлы органға хабар берсек те, заңсыздық жойылмады дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бостандық ауданының жұртына тау болып үйіліп жатқан қоқыс әбден мезі болған. Олардың айтуынша бұл маңайға  жүк көліктері күндіз-түні түрлі тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын төгеді. Талай рет құзырлы органға хабар берсек те, заңсыздық жойылмады дейді. Тіпті тиісті мекеме, әрекет етпеген соң мәселеге тұрғынның өзі араласқан. Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тыңдап қайтты.

Тұрғындар екі жылдан бері осы маңайдағы қоқыс төгушілермен арпалысып келеді. Мұнда тұрмыстық және биологиялық, сондай-ақ құрылыстан қалған қалдықтарды көруге болады. Әу баста көкмайсаға толы алқап қазір нағыз қоқыс алаңына айналған.

Галина Алдонгарова мұндай көріністі күнде көруге мәжбүр. Себебі үйі осы қоқыс маңында орналасқан. Бірнеше рет әкімдікке шағым түсірсе де, мардымды жауап болмапты. Енді жеке заңгер жалдап, тәртіп бұзушылармен өзі күресіп жүр.  

«Тұрмыстық және құрылыс қалдықтары жатыр. Бұл жер теліміне қарама-қарсы мектеп пен балабақша орналасқан. Қоқыс тастайтындарды үнемі бейнекамераға түсіріп, жергілікті органдарға жібергенмін. Олардан жауап болмаған соң, бұл мәселемен заң жүзінде айналысып жатырмын», – деді қала тұрғыны Галина Алдонгарова.

Қоқыс қалдықтарының арасында бетон және резеңке қалдықтары, полиэтилен пакеттері, қаңылтыр құтылар, сондай-ақ, пластикалық бөтелкелер бар. Ғалымдардың зерттеуінше мұндай химиялық заттардың шіруіне жүздеген жыл керек. Аудандағы экологиялық ахуалға табиғат жанашырлары да алаңдаулы.

«Мұның бәрі Алматы қаласының табиғатына ауасына, атмосфералық жағдайына өте көп зиян келтіріп жатыр. Әсіресе, мына жапырақтар төгіліп жатыр деп жатырмыз ғой. Жапырақтар өртеніп жатыр, көріп отырсыздар. Мұның бәрі ауаның бұзылуына әкеліп соқтырады», – деді қалалық экология департаментінің бас маманы Нұржан Бөлекпаев.

Жергілікті тұрғындар мен аудандық табиғатты қорғау бөлімінің қызметкерлері бірнеше рет тазалық жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл қоқыс төгушілерді тоқтатқан жоқ. Жергілікті құқыққорғау органы өкілдерінің сөзінше жүк көлігі жүргізушілеріне бірнеше рет айыппұл салынған. Жауапты мамандар мәселені қолға аламыз деп сендіріп отыр.

«Жоғарыда көрсетілген шағым бойынша Бостандық ауданына қарасты бағанашыл шағынауданында қоқыс қалдықтары төгілетін орында біз өзіміздің тарапымыздан және әкімшілік тарапынан сол жерде жақын маңда орналасқан тұрғындармен жіне жақын маңда орналасқан ұйымдармен түсініктеме жұмыстарын жүргіземіз және де ол жерде келешекте қоқыс төгілмеуін қадағалап отырамыз», – деді Бостандық ауданы экология және табиғатты қорғау бөлімінің аға инспекторы Мұхаммеджан Айтжанов.

Жауапты мамандардың айтуынша аймақ халықтың ортақ пайдалануындағы жер. Жергілікті экологтар жаз келе мұнда алма көшеттері отырғызып, қоқыс аймағын әсем жеміс бағына айналдырмақ.  

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров