Болжам бойынша 2023 жылы айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгеге тең болады
Келер жылдан бастап бала күтіміне байланысты төлем бір жыл емес, бір жарым жыл бойы беріледі. Болжам бойынша 2023 жылы айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгеге тең болады. Өзгеріс әлі әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс аясында іске асырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше Мәжіліс мінберінде депутат Жәмилә Нұрманбетова айлық есептік көрсеткіш есебінен бас тарту қажеттігін айтқан еді. Сөзінше, қазір әлеуметтік төлем жасаудың ескі параметрлері қолданылып келеді. Бұл айлығы шайлығынан аспайтын қарашаға тиімсіз. Ол айлық есептік көрсеткішті ең төменгі жалақымен байланыстыру қажеттігін ұсынды.
«Қазір біздің халықтың 15 пайызы кедей тұрады. Қолданыстағы әлеуметтік параметрлерді анықтау әдістері шындыққа сай келмейді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі нақты көрсеткіштерді ескермейді. Биыл 10 айдың ішінде азық-түлік инфляциясы шамамен 20%-ға жетті. Халықтың табысы ішіп-жемінен артылмайды. Бізге тиімді механизм керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетова
Ресми дерекке сүйенсек, елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпей өмір сүріп жатқандар саны 5,1 пайыз екен. Айлық есептік көрсеткіш есебінен бас тарту қажеттігін экономист Марат Әбдірахман да алға тартады. Сөзінше, жаңа жылдан кейін нарықта баға құбылмалылығы тағы қайталанады.
«Жәрдемақылар ең төменгі жалақы немесе күнкөріс деңгейі бойынша есептеледі. Ал айыппұлдар айлық есептік көрсеткіш бойынша есептелсе, онда халық үшін бұл өте тиімсіз. Жәрдемақы көлемі азаяды, ал айыппұлдар керісінше өсетіні белгілі. Қазіргі әлеуметтік төлемдерді төлеудің тәртібі ескіргені анық», – деді экономист Марат Әбдірахманов
2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болады. Айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгені құрамақ. Тиісінше елдегі ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге жетеді. Мұнымен қоса, министрлік өкілі бала күтіміне байланысты төлем бір жыл емес, бір жарым жыл бойы берілетінін айтты.
«Осы жәрдемақы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде ұзартылады. Сондай-ақ Әлеуметтік Кодекс жобасы төңірегінде көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін саралау қарастырылған», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаменті басшысының орынбасары Ғалия Жабагина.
Жаңа жылдан бастап базалық зейнетақы мөлшерін біртіндеп төменгі күнкөріс деңгейі көлемінен 70 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Осылайша Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл мен салық төлемдерінің мөлшері ұлғаятын болады.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнаБолжам бойынша