Петропавлда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы төңірегінде шу шықты

21.10.2020 01:00

Тұрғындар бұл пәтерлер мұқтаж адамдардың қолына түспейді деп наразы

Almaty.tv

Петропавлда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы төңірегінде шу шықты. Оған қатысуға ниет танытқан қала тұрғындары, бағдарлама аясында салынған үйге қол жеткізе алмай отыр. Оның себебі қандай? Қол жетімді пәтерлер кімге бұйырды? Істің мән-жайын анықтаған өңірдегі Almaty.tv тілшісі баяндасын.

Петропавлдағы 18 қабатты үйдің алдында жиналған халық – қол жетімді баспана алуға ниет танытқан қала тұрғындары. Сөздерінше, 7-20-25 бағдарламасы бойынша жаңа үйдің салынып жатқанын естіген соң, бастапқы жарнаға бірден ақша жинай бастаған. Алайда Петропавл қаласы әкімдігінің сайтында бағдарлама өзгереді деген ақпараттың шыққанын көріп, тұрғындар таңғалғанын айтады.

«Неліктен бұлай істейді? Нақтылық жоқ. Осындай бағдарлама бойынша беріледі деп, Неге бізге нақты айтпады? Онда біз үміттенбес едік. Менің отбасым бар, екі балам бар. Мен отбасымды өзім асыраймын, ешкімнен ақша сұрап жатқан жоқпын. Осы бағдарлама бойынша күткен болатынбыз. 2-ші дәрежелі үйден біз тұрғын үй сатып ала алмаймыз», – деді қала тұрғыны Мағжан Иманбетов.

Тұрғындар бұл пәтерлер мұқтаж адамдардың қолына түспейді деп наразы. Олардың сөзінше, кезекте тұрған адамдар пәтерді сатып алғанымен, кейін оларды қайта бірнеше есе қымбат бағаға сататын көрінеді.

«Бұл әділетсіз. Мен пәтер сатумен айналысамын. Жеке өзім Жукова 36 үйіндегі 1, 2 бөлмелі үйлердің 3 есе қымбат сатқанын көрдім. Осылай адамдар ақша тауып жүреді. Бұл пәтерлерде адамдар тұрмайды, барлығы жалдаушылар. Неліктен пәтерлер кезекте тұрғандарға жетіспейді, өйткені олар шынымен мұқтаж адамдарға берілмейді», – деді қала тұрғыны Татьяна Мороз.



Көпқабатты үйдің алдында тұрған халықты сабырға шақыру үшін полиция мен әкімшілік қызметкерлері келді. Олар санитарлық талаптарды орындап, тарасуын сұрады. Билік өкілдерінің сөзінше, нақты жауап 10 күн ішінде беріледі.


«2019 жылы бұл үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып, биыл пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда бағдарлама механизмі «7-20-25» бағдарламасымен шектелмейді. «7-20-25» – бұл ипотекалық несиелеу бағдарламасы. Ал біз «Шаңырақ», «5-10-20», «Бақытты отбасы» сияқты бағдарламаларды қарастыратын «Нұрлы жер» бағдарламасын басшылыққа аламыз. Бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасын енгізу әлі қарастырылуда, механизм зерттелу үстінде», – деді қала әкімінің орынбасары Владислав Лукин.

Көпқабатты ғимараттың құрылысы өткен жылдың шілде айында басталған. 108 пәтерлі үйдің салынуына 1,3 млрд тг көлемінде қаржы бөлінді. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2 тұрғын үй пайдалануға тапсырылған.