Сот үкімімен келіспеймін: 1 жыл бұрын көз жұмған марқұмның анасы апелляциялық сотқа жүгінбек

16.06.2023 01:00

Қыздың анасы бұл өлімге бірнеше адамның қатысы бар дейді

time.kz

Шымкентте дәмханада қайтыс болған оқушы қыздың ісіне сот нүкте қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін 15 жастағы Ақару Құралбайдың өліміне Пәкістан азаматы кінәлі деген күдік болған еді. 1 жылға жалғасқан тергеу нәтижесінде парсылық кәсіпкер бостандыққа шықты. Ал марқұмның анасы үкіммен келіспейді.

Дәмханаға жұмыс істеуге барып, дәм-тұзы таусылған 15 жастағы Ақару Құралбайды пәкістандық Тахир Абдуллах жұмысқа алған. Ол көпті елең қылған оқиғадан кейін араға 3 ай салып ұсталған еді. Содан бері уақытша ұстау изоляторында отырған кәсіпкер бертінде үйқамаққа жіберілген. Ал азамат моральдық-материалдық шығынды өтеген соң, жәбірленушінің анасы оған кешірім беріпті.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі бойынша 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолданады. Ол орта дәрежедегі қылмыс саналады. Абдуллах Такир 25 қыркүйектен бастап қамауда 9 ай отырды. Сол себептен 1 жыл 5 ай 18 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – дейді Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Жанат Мүсірәлі.

Марқұмның анасы пәкістандыққа қатысты кешірім болғанымен, тергеудің әу баста шикі өткізілгенін айтады. Бибіайша Құттыбаева қызының тоққа қалай түскенін әлі де түсінбей әлек. Күдігім сейілмеді деген ана кәсіпкерден бөлек тағы бірнеше адамның жауапқа тартылуы керек еді дейді. Енді ол апелляциялық сотқа жүгінбек.

«Сот үкімі әділ деп ойламаймын. Кінәлі адамды таппай, жасырып отыр. Тергеу ісіне көңілім толмайды. Мен қаланың бас полицейі Дәлбековтің алдына 4 рет кірдім. Қызымның аяқ киімін тауып бермеді дегенде, қызыңызға жұмыс берген жұмысшылардан талап етіңіз деп шығарып салды», – дейді марқұмның анасы Бибіайша Құттыбаева.

Еске салайық, қайғылы оқиға былтыр Шымкенттегі сауда орталығында болған еді. Түркістан облысынан келген 15 жастағы қыз кассир болып жұмысқа кіреді. Алайда кейіннен жұмыс берушілердің оған еден жуғызғаны анықталған. Кейіннен мәлім болғандай, тоқ ұрып жан тапсырған ару сіңлісіне мектеп формасын сатып алу үшін жұмыс істеуге мәжбүр болыпты.