Түрік халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан Наурыз көжеге жеті дәм қосылады
Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті тағам. Ежелден бері бұл тағам молшылықтың, құт-берекенің жоралғысы саналады. Ал оны дайындау жолы қандай? Ол үшін қандай қоспалар қажет? Almaty.tv тілшісі Диана Есім айтсын.
Ұлыстың ұлы күнін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Түрік халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан Наурыз көжеге жеті дәм қосылады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша бұл күні Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады.
«Сорпамызды алдын-ала дайындап қойдық. Мына ет осы сорпаға піскен. Олар қазір суытылып тұр. Ыстықтай қосуға болмайды, себебі сүт тағамдары ыстық сорпамен қосылған кезде іріп кетеді. Сондықтан, қазір мына біздің суып тұрған сорпамызға айран қосамыз», – деді аспаз Айтықан Қалғаева.
Әдетте, Наурыз көжені 7 түрлі дәмнен: су, ет, арпа, дәнді дақылдар, сүт, құрт, тұздан дайындайды. Әлбетте, көже дайындау кезінде тек осы тағамдарды қосу керек деген талап жоқ. Әркім өз халінше қолындағы барын қоса береді дейді аспаз. Бастысы – қосылатын тағамдардың саны жетеу болғаны абзал дейді.
«Әр үйде аналарымыз әр түрлі әзірлейді. Құрт қосса болады, бірақ, құрттың орнына танды кішкене араластырып қосамыз. Сонда біздің Наурыз көжеміз кішкене қышқылдау болады. Тағы да бізде арпа бар, оны алдын ала дайындап, пісірдік. Қолдан кесілген кеспе бар. Бидайдың орнына мен кеспе қосамын. Негізі бидай қосу керек. Мында пісірілген жылқы еті. Бұл қазы мен шұжық. Аздап сүрленген. Енді бұған қазір дәміне қарай тұз саламыз және қара бұрыш қосамыз. Мерекеге дайындалған біздің Наурыз көжеміз дайын»,– деді аспаз Айтықан Қалғаева.
Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атай береді. Халық арасында «егер адам жеті үйден жеті дәмнен дайындалған Наурыз көже ішіп шықса жаңа жыл ол адам үшін сәтті болады» деген сенім бар. Ал құйылған көжені тауысып ішу - әркімнің міндеті. Себебі, тағамды қалдырмай ішу жақсылықтың бастауы ретінде бағаланады.