«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогқа енді 2,5 миллион теңгеден бір реттік сыйақы тағайындалады. Мұндай шара оқушыларды халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарына, шығармашылық байқаулар мен спорттық додаларға дайындайтын мұғалімдерді ынталандыру үшін қолға алынады. Бүгін Мәжіліс «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешу. Атап айтсақ, мұғалімдердің жүктемесін азайтып, оларды көптеген тексерулерден және ұстаздыққа тән емес функциялардан қорғау. Бүгін Мәжілісте мақұлданған заң жобасы осыны діттейді. Мәселен, 2021 жылы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары мұғалімдер үшін нормативтік оқу жүктемесін 18-ден 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма бекітіліп отыр. Ұстаздар қауымын қаржылай ынталандыру да көзделген.
«Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған ұстазға тиісті мемлекеттік білім берудің қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде бір жолғы сыйақының төленуін көздейтін норма енгізіледі», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогқа 1 000 АЕК мөлшерінде бір жолғы төлем белгіленбек. Бұл - 2,5 миллион теңге. Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының мұғалімдеріне магистр дәрежесі үшін қосымша ақы енгізіледі. Атап айтсақ, 10 еселенген АЕК мөлшерінде болмақ. Сондай-ақ ұстаздарды тұрғын үймен қамту да жоспарда бар. Мәселен, ауылды жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленетін болады. Ал депутат Ирина Смирнова «Педагог мәртебесі туралы « қоғамдағы түйткілдерді шешуге мүлдем әсер етпейтінін жеткізді.
«Меніңше, ойымша бұл заң қоғам алдында тұрған мәселелерді шешуге мүлдем әсер етпейді. Мектептердегі ұстаздар қоғамның ең үздіктері болуы тиіс. Алайда, тиісті жалақы болмағандықтан, ең жақсы, кәсіби мамандар мектепке бармайды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина СМИРНОВА.
Ал журналистердің келіспесеңіз, неліктен дауыс бердіңіз деген сауалына халық қалаулысы заң ең болмағанда осы нұсқасында күшіне енсін дегенді жеткізді. Кейін оны жетілдіріп, әрі қарай жұмыс істеуге болады деп санайды депутат.