Кибершабуылдан қалай қорғану керек

08.12.2022 01:00

Биыл елімізде өнеркәсіптік автоматтандыру жүйелерінің 40 пайыздан астамына шабуыл жасалған

inbusiness.kz

Биыл елімізде өнеркәсіптік автоматтандыру жүйелерінің 40 пайыздан астамына шабуыл жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сарапшылардың пікірінше, энергетика саласы  - киберқылмыскерлер үшін ең тартымды орта. Соңғы жарты жылда мұндағы шабуыл саны 32 пайызға жеткен. Екінші орында 30 пайыздық өсіммен мұнай-газ саласы тұр. Ал көшбасшылардың үштігіне көлік және логистика саласы енді.

Хакерлер түрлі әдістерді пайдаланады. Компьютерлерге шпиондық бағдарламаларды орнатады, «фишингтік электрондық хаттар» жібереді. Бұл - пайдаланушыны жеке мәліметтерді енгізуге мәжбүрлейтін шифрланған пошта хабарлары. Осылайша бір компьютерден құпия ақпаратты алу арқылы кибералаяқтар компанияның бүкіл желісін бақылауға алады.

«Мұндай шабуылдан кейін компаниялардың шығыны орта бизнес үшін 100 мың долларға дейін жетсе, ал өнеркәсіпте шамамен миллион долларды құрайды», – деді киберқауіпсіздік сарапшысы Дмитрий Галов.

Шығынның алдын алу жыл өткен сайын қиындап барады. Алаяқтық схемалар күрделене түсті. Себебі бір адам емес, IT тілін меңгерген фишерлердің тұтас экожүйесі әрекет етеді. Дегенмен ел мамандары да осал емес.

«Жыл өткен сайын Қазақстанның киберқауіпсіздік рейтингінде ілгері дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл жан-жақты қолдаудың арқасында жүзеге асады. Яғни заңнамалық база, реттеушінің әрекеті, мемлекет мүддесінің ұштасуы осындай нәтижеге жеткізіп отыр», – деді Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы «Касперский  зертханасының» атқарушы директоры Валерий Зубанов

Қазіргі таңда қауіпсіздік шешімдерінің ауқымы өте кең. Бұрын тек антивирустық бағдарламалар болса, қазір IT зертханаларында арнайы ұсыныстар көп. Мысалы, мобильді қосымшалардың арқасында смартфон иелері кіріс қоңырауларын сүзгіден өткізе алады. Тіпті алаяқтарды анықтап, бұғаттауға қауқарлы.

«Чат-боттар пайда болды. Олар пайдаланушылардан 500 теңге төлеуді талап етеді. Қомақты қаражат емес қой деп оны төлеген  мыңдаған қазақстандық алданып қалады», – деді киберқауіпсіздік сарапшысы Евгений Питолин

Бұған статистика дәлел. Тек қараша айында қазақстандықтардың үштен бірі телефон алаяқтарына тап болған. Олар әртүрлі схемаларды қолданады. Бірі құқық қорғау органдарының қызметкері болып қоңырау шалса, енді бірі банк өкілі болып ұтыс туралы айтып хабарласады. Сондықтан сарапшылар жеке деректерді ешкімге айтпауға және белгісіз шоттарға ақша аудармауға кеңес береді.