Танымал тұлғалар Президенттің Qazaqstan арнасына берген сұхбатында айтқан ұсынысына қатысты ой білдірді
Олигополияның зардабын тек қарапайым халық тартып отыр. Бұл бәсекелестікті дамытуды тежейді. Қаржы сарапшыларының пікірі осындай. Ал қаңтар оқиғасы адами капиталды дамытуға күш жұмсау керек екенін көрсетті. Мұны мемлекет басшысы да қадап айтқан еді. Сол себепті еңсемізді көтеріп, етек-жеңімізді жинап, рухымызды тіктеу үшін жұмыла жұмыс істейтін кез келді деген пікір айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жазушы Смағұл Елубай егер қиын сәтте мемлекет басшысы конституциялық міндеттеріне адалдық танытпағанда, елде үлкен азаматтық соғыс болар еді, қантөгістен көз ашпас па едік дейді. Сол себепті қазір Қасым-Жомарт Кемелұлының маңына топтасып, мемлекетті нығайтып, дамыту бағытында жұмылуымыз керек дегенді алға тартты.
«Дәл бүгінгі таңда жікшілдердің әрекетінен Украина ұрынған үлкен дағдарыс бізді қатты ойландырып отыр. Осындай жағдайда біз іштей алай-дүлей болып жатсақ, іште сапырылысып жатсақ, біз де жікшілдіктің және халықаралық терроризмнің құрбаны болған болар едік», - деді жазушы Смағұл Елубай.
«Елімізге білімді, парасатты адамдар қажет. Жалпы адами капитал жоғары болуы керек». Көпшілік бүгінде Президенттің дәл осы сөзіне баса мән беріп отыр. Қаңтар қырғыны сынды қасіретті оқиға енді қайталанбауы үшін ырғағын бұзбайтын әдемі идеология, жорғасын бұзбайтын керемет білім жүйесін қалыптастыруға ден қою керек деп ойын білдірді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары.
«Біз, ақын-жазушылар, мұндай мәселеде құр қалмаймыз деп ойлаймыз. Өйткені қазір бұл мәселеде қолдау білдіру өте қажет. Президенттің Жаңа Қазақстан құру саясатына үлкен серпін, рух, пәрмен беруіміз керек», - деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.
Халық арасында «олигополия» термині президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің мәлімдемелерінен кейін кең тарады. Соңғы сұхбатында ол елдегі мұндай үрдіс компаниялар арасындағы бәсекелестікті жойып, ел экономикасының дамуына кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді. Белгілі қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев мемлекет басшысының бұл сөзін қолдайды. Ол бүгінде кей монополист компанияларды мысалға алып, олардың өзге кәсіпкерлердің нарыққа кіруіне тосқауыл болып отырғанын айтады.
«Олигополия әдетте көп адамның қатысуын талап етпейді. Оларға бәсекелесуден гөрі бір-бірімен келісу оңайырақ. Яғни, бұл бәсекеге түсуге қарағанда арзанырақ. Мысалға «Билайн» еомпаниясына «Қазақтелекомме»н бәсекеге түсуден гөрі, нарықты бөлісіп алу туралы келісімге отыру оңай», - деді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев.
Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда мемлекет басшысы өз сұхбатында қайғылы қаңтар оқиғасының себеп-салдары жайлы, алдағы саяси және әлеуметтік реформалардың жүзеге асуы жайында, сондай-ақ Қазақстанның негізгі сыртқы саяси серіктестермен қарым-қатынасы туралы айтқан еді.
Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы