«Өшіпті дейді бір шырақ,
Бататын күндей қан қызыл.
Көшіпті дейді тым жырақ,
Жәйірден келген жалғыз ұл.
Қар жауған сәуір қаралы,
Шомғандай шүңет мың ойға.
Жалғыздар керек екен ғой,
Өзі де жалғыз Құдайға». Ақын ағасын осылай жоқтаған шайыр Мұрат Шаймаранның өлеңі бұл. Бүгін ақындар ауылы тағы бір ақсақалын мәңгілік мекеніне аттандырды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қазіргі поэзияның алдыңғы толқыны Жәркен Бөдешұлы 77 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген қаламгердің өнері ендігіде ұлттық әдебиетте айрықша мұра боп қалмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Иә, Жәркен Бөдешұлының шығармашылығын айрықша деуге негіз көп. Себебі ол жыраулар поэзиясын қазіргі өлең өнеріне лайықтап кетті, елді сүюдің өзіндік үлгісін танытты.
Лирикасын үзілдіріп, үзбелеп, тізілдіріп, тізбелеп оқитын ақынның негізгі тақырыбы Жайырдан басталып, жалғыздыққа жалғасты. Жайыр – бір жетуді аңсап кеткен туған жері. Ал жалғыздық – оның әдебиеттегі образы, Шекспирше қалам тербеген тақырыбы. Бұл турасында Жәркен ағаның өзі «Жалғыздық – Құдайдан кейін ақынға жарасқан» дейді.
«Әр кітабы шыққан сайын Жәркен биіктеп отыратын. Өзінің деңгейін төмендеткен жоқ, үнемі ізденісте болды. Мен ол кісіні өте жақсы көрдім, шын, таза ақындығы үшін. Таза ақынның ғұмырын кешіп кетті ол кісі. Ешкімнің алдына алақан жайған жоқ. Өлеңін жазып, қоңырқай тіршілігін кешіп кетті», – деді ақын, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.
«Біздің қаламгерлердің қабырғасына қатты бататын қаламгер – Жәркен аға. Олай дейтінім – өзінің ақындық, поэтикалық қуаты, эпикалық тынысы, өзінің ерекше, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы... Одан кейін оқшау жүріп ойланып, артынан ерген іні-қарындастарын, жастарды, әсіресе, жақсы көріп, жақсы оқитын», – деді ақын Бақыт Беделхан.
«Қазақтың аймаңдай ақыны» дегенді сүйсіне тыңдаған Жәркен Бөдешұлы бүгін фәниден бақиға аттанды. Ақындар аузында «Алатауды қар, қалың қазақты қайғы басты» деген сөз жүр. Рас, қазақ әдебиеті жырау Жәркенінен, ақын Жәркенінен айырылған жоқ па?