|
10.09.2020 | 20:00
7521

Сал болып туған елордалық жігіт каратэдан "қара белбеу" иегері атанды

Марапат бүгін салтанатты түрде заңды иесіне табысталды

 Сал болып туған елордалық жігіт каратэдан "қара белбеу" иегері атанды Almaty.tv

Алдыңа нақты мақсат қойып, мұратыңа ұмтылсаң алынбайтын қамал бар ма? Елордамызда сал болып туған азамат сауыққаны былай тұрсын, каратэдан қара белбеу иегері атанды. Марапат бүгін салтанатты түрде заңды иесіне табысталды. Өмірде орын алған таң ғажайып оқиға жайында  Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбектің репортажы.  

Міне, дəл осылай Айдосты үлкен жеңісімен жылдар бойы жанынан табылып,   асқаралы арманына  жетелеген жан достары құттықтады. Айдос Медьянов сал болып туылған. 13 жасына дейін мүлдем жүре алмаған. Төсек тартып жатқан кезінде   кинотуындылардағы Брюс Ли, Джеки Чан, Джет Ли сияқты актерлерге еліктеген екен.  

«Негізі дəрігерлер ата-анама мені ешқашан жүрмейді деп айтты. Балада ешқандай мүмкіндік жоқ жүретініне деген. Бала кезімнен осындай шығыс күреске қызығатынмын. Сол кезде Астанада және бұрынғы Ақмолада бүкіл мектептерді іздеп, бірақ та бірде-бір мектеп осындай адамды, мүмкіндігі шектеулі баланы ешкім қабылдаған жоқ», – деді Айдос Медьянов.

2012 жылы Айдос «Каратэ барлығы үшін» деген бағдарлама жайлы естіп, жаттықтырушыны тауып алады. Шығыс жекпе-жегіне жазылып, үзбей қатысады. Мақсатына берік жігіт арманына деген зор сенімінің, қайсар мінезі мен жақындары, сондай-ақ жаттықтырушысының арақсында екі балдағын тастайды.

«Айдос құлаған сəттер болды. Достары көтеріп,  көмектескісі келетін. Мен өзі тұрсын деп рұқсат бермедім. Ол бəрімен бірдей жаттықты. Айдостың рухы мықты, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезді жігіт», – деді жаттықтырушы Рүстем Сұлтанбек.

Бос уақытында Айдос жапон тілін үйренеді. Айтуынша, каратэ отаны Жапонияға баруды көптен бері армандап жүр.

Қос аяққа нық тұруға көмек болған каратэмен Айдос əрі қарай да айналыспақ. Ал болашақта сал болып туған  балаларға дəл осындай мектеп ашуды армандайды. Олар да төрт қабырғада қамалып отырмай,  толыққанды өмір сүруін қалайтынын айтады.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир