Шағын бизнес негіздерін тегін оқытуға болады. Мұндай бастама бүгін Алматыда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің кездесуінде айтылды. Сондай-ақ, түрлі этностардың өкілдеріне микробизнес негіздерін оқыту бойынша жобалар әзірлеп, жүзеге асыру ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүгінгі жиын барысында Ассамблея жүзеге асыратын жаңа жобалар талқыланды. Әсіресе, бизнесті дамыту мен оны оқытуға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, жанұялық құндылықтар мен отбасылық кәсіпті және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың оңтайлы тұстары айтылды. Яғни, біз халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін негізгі бастамаларды шешуді көздейміз», – деді «Түркмен қоғамдық-мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Гүлнар Аннақұлиева.
Сондай-ақ, жиын барысында Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі басымдықтар мен оны іске асырудағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметі талқыланды. Ал, ел экономикасын жандандырудың ұтымды тұсы – мәселеге ғылыми көзқараспен қарауда, дейді этномәдени бірлестіктердің өкілдері.
«Кәсіпкерлерге келетін барлық кедергіні жою өте маңызды. Ең бастысы, бұл мәселеге ғылыми көзқарас қажет. Экономиканы білмей, сіз бизнес жасай алмайсыз. Егер бизнес-жоспар жасалмаса, кәсіппен айналысу мүмкін емес. Мысалы, өз кәсібімен енді айналыса бастаған адам ауылшаруашылық өнімдерін немесе жануарларды өсірді делік, бірақ оларды қалай сатуға болады? Яғни, жасалған еңбек зая кетеді. Демек, этномәдени бірлестіктің алдында да шағын және орта бизнесті дамыту міндеті тұр», – деді «Ватандаш» қырым татарлары мәдени орталығының төрағасы Сейіт Бабалиев.