ШҚО-да құрылысы 7 жылға созылған спорт кешендерін тексеру басталды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Облыстық спорт басқармасы компанияны сотқа берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ШҚО-да 7 жылдан астам уақыт 5 спорт кешенінің құрылысы аяқталмай келеді. Жартылай салынған ғаламат ғимараттар, бассейндер мен ойын алаңдары қаңырап, қирандыларға айналып барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Катонқарағай ауылындағы дене шынықтыру кешені көптен бері спорт сүйер қауымды қуантып, балаларды жаттықтыру тиіс еді. Алайда нысанның құрылысы тұралап, халықтың үміті күңгірт тартты. Айта кету керек, бұл елдімекенде спортпен айналысатын басқа жер жоқ. 

– Мердігерді бір-екі рет шақырдым. Сөйлестік, маусымда жұмысты бастайтынын айтты. Биыл облыстық бюджеттен 265 миллион теңге бөлінді. Егер жұмыстың бәрін дұрыстап атқаратын болса, ақша дайын, – деді Үлкен Нарын ауданы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Байрахметов.

Спорт кешендерінің қаңыраған қабырғаларын күнде көріп, халықтың шыдамы таусылған. Аудан орталығының оқушылары 7 жыл бойы алғаш бассейіннің ашылуына жете алмай, жақын маңдағы көлде шынығып жүр. Өкініштісі ғимарат іргетас пен қабырғалардың қаңқасынан әрі аспай, тоқтап қалған.

– Сыныптағы балар суда жүзгенді жақсы көреміз, сол үшін көлге барамыз. Спорт кешені ашылса, осында келіп шынығамыз, – деді Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Азамат Төлеген

Ашық аспан астында қараусыз қалған ғимарат тозып барады. Кей жерлерде іргетасы шөгіп, темір конструкцияларды тот басқан. Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осы және тағы төрт нысанның тоқтап қалу себебін анықтап жатыр.

– Кей жерде мердігердің кінәсі болса, кей тұста жергілікті биліктің бөлінген қаржыны дұрыс пайдаланбаған. Ауа райының қолайсыздығы, бағаның шарықтауы, сондай-ақ көршілес мемлекеттерден құрылыс материалдары жеткізілмеген, сондықтан бәрін ескеру керек. Бақылауда ұстап отырмыз, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Денис Шакенов.

Тексеріс барысында белгілі болғандай, ұзаққа созылған құрылысқа бір ғана мердігер жауапты болып шықты. Облыстық спорт басқармасы компанияны сотқа берді.

– Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бойынша бір мердігер анықталды, яғни ол конкурсты жеңіп алған. Қазір ол компания жауапсыз ұйымдар тізіміне енгізілді. Басқарма бұл ұйыммен сот ісін жүргізуде. Өткен аптада  Үлкен Нарын бойынша бір сотты жеңдік. Енді Марқакөл бойынша іс қаралуда, – деді облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев.

Айта кетейік, атқарылған жұмыс нәтижесінде мердігер компанияға жыл соңына дейін барлық бес кешенді аяқтауға уақыт берілді.

Әйкерім Пернебек, Руслан Мухамедьяров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 20 жастағы ер адам суға батып кетті

Новости партнеров