Құны 30 млн теңге болатын нысанды небәрі 270 мың теңгеге саудалаған
Жамбыл облысында әкімдік қызметкерлері мемлекет мүлкін еш қиындықсыз талан-таражға салып келген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен Талас ауданы коммуналдық мекеменің өндірістік базасын басшысы заңсыз сатып жіберіпті. Ол нарықтағы құны 30 млн теңге болатын нысанды небәрі 270 мың теңгеге саудалаған. Коммуналдық мекеме басшысы тіпті ешқандай тиісті конкурс өткізбеген.
Бір қызығы, аудан прокурорлары мекеме басшысының бұл әрекетін 16 жылдан кейін анықтаған. Қазір экс-басшыға қылмыстық іс ашылғанымен, деректің ескіруіне байланысты жауапты тұлға ешқандай жауапқа тартылмады.
«Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы шешімімен сатып алу шарттары жарамсыз деп танылды. Осы жылғы 22 мамырда апеляциялық саты шешімімен 1-саты шешімі өзгеріссіз қалдырылып, сот актісі заңды күшіне енді. Сәйкесінше мүлік бүгінгі таңда мемлекет меншігіне қайтарылды», - дейді Талас ауданы прокурорының орынбасары Асылхан Тілешов.