Әлемдік дода 19 наурызға дейін жалғасады
Ертең әлемнің үздік спортшылары Алматыда бас қосады. Мегаполисте фристайлдың могул және шаңғымен акробатика түрінен әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықаралық додаға 14 мемлекеттен 80-нен астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Аустралия, Германия, Канада, Қытай, АҚШ пен Жапония өкілдері бар. Биыл спорттың могул түрінен ел намысын Аяулым Әміренова, Антон Бондарев пен Павел Колмаков қорғаса, шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова және Аяна Жолдас шығады.
«Биылғы жылдың ерекшелігі спортшылар Шымбұлақтағы жаңадан салынған қарлы трассалар мен күрделі жөндеуден өткен жарыс аренасында бақ сынайды. Демалыс аймағында додаға дайындық 3 ай бұрын басталған еді. Қар тазалау техникалары бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Әлемдік жарысқа қазір толық дайынбыз», – деді ҚР Ұлттық шаңғы ассоциациясының бас хатшысы Асқар Валиев.
Бүгін Алматыға шетелдік спортшылардың соңғы легі келіп жатыр. Ертең басталатын әлемдік дода 19 наурызға дейін жалғасады. Айта кетейік, жарыс 1980 жылдан бері халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен түрлі мемлекетте өткізіліп келеді. Чемпионат соңғы 5 жыл бойына Алматыдағы Шымбұлақта ұйымдастырылып жүр. Еліміздегі тау шаңғы курорты халықаралық талаптарға толық сай келеді.
«Халықаралық шаңғы жарысының биыл тағы да Алматыда өткізілетініне қуаныштымыз. Біз аз уақыттың ішінде Қазақстанның ұйымдастыру комитетімен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Әлем кубогын өткізу үшін бізге осы елдің Спорт және мәдениет министрлігі де үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ризашылығымды білдіргім келеді», – деді Халықаралық FIS федерациясының директоры Андреа Ринальди.