Алматыда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса береді – Бауыржан Байбек

21.02.2019 01:01

Биыл жол қауіпсіздігін жақсартып, өлім-жітімді азайту мақсатында шведтік бағдарлама іске қосылмақ

«Әл-Фараби» даңғылы жылдамдықты арттырып, жарысатын трасса емес». Бүгін осылай деген Алматы әкімі жолдағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікірін айтты. Қала басшысының сөзінше, Қазақстан әлем бойынша жол апаты жиі орын алатын елдердің қатарында тұр. Оған қоса, биыл жол қауіпсіздігін жақсартып, өлім-жітімді азайту мақсатында шведтік бағдарлама іске қосылмақ. Алматы әкімінің есептік кездесуінде тағы қандай көрсеткіштер мен жетістіктер айтылды? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.  

15 қаңтардан бастап әл-Фараби даңғылындағы көлік жылдамдығы сағатына 60 шақырымға шектелген еді. Бұл өзгеріс қоғам арасында қызу талқыға түскені рас. Бір топ жақтаса, қалғандары кері пікір білдірген. Дегенмен, бүгін қала әкімі көптің көкейінде жүрген сұраққа есептік кездесуде жауап берді. Оның сөзінше, жол апаты көп жағдайда жылдамдықты асырғаннан болады. Сондықтан, шаһар басшысы Бауыржан Байбек жол ережесіне түбегейлі өзгеріс енгізудің уақыты жеткенін түсіндірді. Бұдан былай қалада бір бағытты жолдар саны артып, тіпті кей көшелерде жылдамдық сағатына 40 шақырымқа дейін төмендейді деді.

«Біз 2 жыл бұрын екі бағытты көшелерді енгізуді қолға алдық. Нәтижесінде, Құрманғазы көшесіндегі жол апаттары 41 пайызға азайса, Шевченко көшесіндегі оқиғалар 4 есеге төмендеген. Өткен жылы бір бағытты жолды 8 көшеге енгіздік. Яғни, қала көшелерінде жылдамдыққа баса мән бердік. Оның ішінде әл-Фараби даңғылы да бар. Мәселен, онда жылдамдықты төмендеткелі бері жол апаты 2,7 пайызға азайды. Биыл «Vision Zero» атты кешенді жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бағдарлама қолға алынады. Біз темір тұлпар иелерін жылдамдықты мәжбүрлі түрде түсіруге шақырамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматыда әсіресе қоғамдық көлік мәселесі маңызды деген қала әкімі атқарылып жатқан тірлікті жіпке тізді. Субсидия арқасында автопарктер 86 пайызға жаңартылған. Өткен жылы іске қосылған БРТ жолағымен күніне 100 мың жолаушы жүреді деді әкім. Сондай-ақ, жеңіл рельсті көлік бойынша байқаудың бірінші кезеңі аяқталып, биыл оның құрылысын салу үшін желілерді алу жұмысы басталады. Оған қоса, қос метроның құрылысы ары қарай жалғасады. Егер «Достық» және «Сарыарқа» cтанциялары қосылса, күніне барлығы 86 мың жолаушыны тасуға мүмкіндік береді.

«3 жыл ішінде 42 шақырым жаңа жол салынды. 6,6 шақырым көшеге күрделі жөндеу жүргізілсе, ал 460 шақырымды құрайтын 539 көшеге орташа жөндеу жасалды. 1 жерасты өткелі және 10 жүргінші көпірі салынды. 39 жерасты өткелі күрделі жөндеуден өтіп, онда бейнебақылау камералары қойылды. Соңғы 10 жылда 30 жолайрығы салынды. Биыл тағы біреуі іске қосылды», – деді Бауыржан БАЙБЕК.

Алатаудың баурайындағы қаланың сел қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. 2020-сыншы жылға қарай 31 қызыл су басу қаупі бар нысанға 150 хабар бергіш құрылғы орнатылмақ. Ал биыл «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттің құрылысы басталады. Селден сақтану үшін 9 мореналық көлінің суы ағызылған.  Одан бөлек, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Соңғы 3 жылда тәртіп сақшылары техникалық тұрғыда 87 пайызға жасақталды. Бұл елдегі жоғары көрсеткіш деді Байбек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 14 миллиард теңге бөлінген. Ал ісіне жүрдім-бардым қарап, пара алатын полицейлер бірден жұмыстан босатылады деп қысқа қайырды. 

«Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сандық технологияны енгізіп жатырмыз. Бұл адами факторды қысқартып, жемқорлықтың болмауына септігін тигізеді. Қалада 119 мың бейнабақылау камерасы орнатылса, 2020 жылы тағы халық көп жиналатын орындарда 1000-ы орнатылады. Мәселен, олардың көмегімен былтыр 1500-нан аса қылмыстық іс ашылды. Осылайша, қала билігі полицейлер барынша ашық болып, халықтың сеніміне кіруі керек деді», – деді Алматы қаласының әкімі.

Айтпақшы, қаланың экономикалық қарқыны қалыпты. Әлемдік «Doing Business» халықаралық банкінің рейтингісінде Алматы 28-ші орынға табан тіреген. Өткен жылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған 22 мың адам салықтық есепке тұрды. Көлеңкелі бизнестің көзі жойылып, салық кодексіндегі өзгерістердің арқасында бюджет көлемі 8,5 пайызға яғни 1,9 триллион теңгеге артқан.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы