«Эйр Астана» өкілдері де Үндістандағы отандастарымыздың бүгін-ертең елге аман оралатынын айтты
Үндістан мен Пәкістанның өзара қақтығысына қарамастан, қазақстандықтар Делиге ұшуын доғармай тұр. Алайда, Пәкістан әлі әуе кеңістігін ашар емес. Сондықтан отандастырмыздың бұрынғыдай 3 сағаттан емес, енді 9 сағат бойы ұшуларына тура келеді. Рейстер кейінге шигерілгенімен, өзге елдегі отандастарымыздың қауіпсіздік деңгейі қаншалықты сақталып тұр? Сыртқы істер министрілгі не дейді? Енді Үндістанға ұшудың бағыты қалай өзгермек?
Үндістан мен Пәкістанның арасындағы қақтығыстан кейін Делиден Қазақстанға ұша алмай қалған отандастырмыз үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Сыртқы істер министрлігінің өкілдері осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше 68 ел азаматы оралды. Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Үндістанға демалуға барған туристің бір де біреуі уақытынан бұрын қайтқан жоқ. Тек 28 ақпан күні ұша алмай қалған жолаушылар 1-2 наурыз күндері көкке көтеріліп, дін аман елге келді.
«БАҚ-та 300 қазақстандық елге орала алмай жүр деген ақпарат жүрді. Ол 300-дің 68-і ғана қазақстандық болатын. Қалғаны басқа елдің азаматтары. 68-інің көбісі 1-2 наурыз күндері елге оралды. Ешбір азамат өзінің демалыстарын бөлген жоқ. Тек Делиге ұша алмай жүрген азаматтар болмаса, қалғандары өз кестесі бойынша жалғастырып келе жатыр. Бүгінгі күннен бастап, «Эйр Астана» өзінің бекіткен кестесі бойынша ұшады», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.
Үндістандағы отандастарымыз толығымен бүгін-ертең дін аман оралады. Мұны «Эйр Астана» әуе компаниясы да алға тартып отыр. Жолаушылардың еш қиындықсыз ұшып-қонуы үшін рет-ретімен барлық жағдай жасалған дейді компания өкілдері. Тек екі бағытқа жолға кететін уақыт көбейген. Яғни, бұған дейін 3 сағаттай уақытты алатын рейс енді 9 сағатқа созылды. Өйткені, Пәкістан әуе кеңістігін жапқаннан кейін енді Оман корольдігі арқылы ұшуға тура келіп тұр екен. Бірақ бұл өзгеріс билет құнының құбылуына әсер етпейді. Сонымен бүгін Делиден 452 отандасымыз ұшып келсе, ертең 166 ел азаматы Қазақстанға табан тірейді. Ал ешқандай жағдайға қарамастан, Алматы мен Астананың әуежайынан бүгін 163, ертең 110 жолаушы Үндістанға аттанбақ.
«Пәкістанның әуе кеңістігі 5 наурызға дейін әлі жабық. Яғни, Пәкістан арқылы ұшуға тыйым салынады. Сондықтан «Эйр Астананың» рейстері Қазақстан мен Үндістан арасында Оман корольдігі арқылы орындалады. Жалпы алғанда, 28 ақпаннан 5 наурызға дейін Үндістаннан 1 109 жолаушыны ұшырып алып келеміз. Ал Қазақстаннан Делиге 630 азаматты тасымалдадық», – дейді «Air Аstana» компаниясының баспасөз хатшысы Тілек ӘБДІРАХМАНОВ.
Айта кетейік, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың өршуіне ақпанның 14-інде Кашмирде үнді сарбаздарына қарсы жасалған шабуылдан 46 адамның мерт болуы себеп болған. Қастандыққа Дели Исламабадты айыптады. Ал Пәкістан болса мұны жоққа шығарды. Қос тараптың текетіресінен кейін Еуропа мен Азияның әуе байланысы үзіліп, рейстер кейінге шегерілген еді.
Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы